
Қазақстанның ТЖМ «Заң және тәртіп» қағидаты аясында шұғыл қызметтерге басым және кедергісіз жол беруді қамтамасыз етуге бағытталған «Жол бер!» республикалық профилактикалық акциясын жалғастыруда. Акция Алматы мен Шымкент сияқты ірі қалаларда да өткізілді.
Ақтауда кезекті жаңа әлеуметтік эксперимент ұйымдастырылды: блогер Үсен Абзал дрон арқылы аэробейнежазба жасап, өрт сөндіру көлігінің жарық және дабыл сигналдары қосылған кезде жүргізушілердің қалай әрекет ететінін бақылады. Биіктен түсірілген кадрларда жол қозғалысына қатысушылардың барлығы арнайы техникаға уақтылы жол бере ме, жоқ па екені көрінеді.
Құтқарушылар әрбір секундтың кешігуі адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салды, ал уақытылы жол беру өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға оқиға орнына тезірек жетуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар мұндай акциялар нақты жол жағдайын көрсетуге және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға көмектесетінін атап өтті.
«Жол бер» акциясы жүргізушілердің тәртібі мен жауапкершілігін қалыптастыруға, арнайы көліктерге жол берудің маңыздылығын нақты көрсетуге бағытталған. Мұндай іс-шаралар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға және жол қатысушыларының саналы әрі сақ болу мәдениетін нығайтуға септігін тигізеді.
ТЖМ барлық жүргізушілерге үндеу жасайды: сақ болыңыздар, арнайы көліктерге жол беріңіздер және жолда абай болыңыздар!