400-ден астам жануарды құтқару дерегі: 2025 жылы ҚР ТЖМ қызметкерлері жануарларға қалай көмек көрсетті

400-ден астам жануарды құтқару дерегі: 2025 жылы ҚР ТЖМ қызметкерлері жануарларға қалай көмек көрсетті

  Өткен жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жануарларға 400-ден астам жағдайда көмек көрсетті. Бұл — тек ресми түрде тіркелген шақыртулар. Іс жүзінде мұндай оқиғалар бұдан да көп болған. Үй жануарлары да, жабайы жануарлар да адам көмегінсіз шығу мүмкін емес жағдайларға жиі тап болады. Осындай сәттерде құтқарушылар көмекке келеді.

  Көбінесе ТЖМ қызметкерлерінің назарында мысықтар, иттер мен жылқылар болды. Шамамен жүзге жуық жағдайда мысықтарға көмек көрсетілді, сексенге тарта рет жылқылар құтқарылды, иттер де осы шамалас жағдайда құтқарылған. Алайда мұнымен шектелмейді. Жыл бойы құтқарушылар ақбөкендерге, түлкілерге, еноттарға, түйелерге, сиырларға, қойларға, құстарға, жарқанаттарға және тіпті жыландарға да көмек көрсетті. Мұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірлерінде — қалалық кварталдардан бастап, дала және жетуі қиын аймақтарға дейін тіркелді.

  Әрбір осындай шақырту ерекше әрі жылдам, байыпты шешім қабылдауды талап етеді. Мәселен, Ақтөбе қаласында құтқарушылар өзенге мұз астына түсіп кеткен жылқыны құтқару үшін үш сағатқа жуық мұзбен арпалысуға мәжбүр болды. Көлікпен жету мүмкін болмағандықтан, ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жаяу барған. Кейін мұзды жарып, жағалауға дейін жол салды. Нәтижесінде жануар құтқарылып, жылы шаруашылық ғимаратына жеткізілді.

  Астанада битумға батып қалған итке көмек қажет болды. Құтқарушылар қолда бар құралдардың көмегімен жануарды абайлап босатып, иесіне табыстады. Қостанай облысында түнгі уақытта құтқарушы альпинистік жабдықты пайдалана отырып, құдыққа құлап кеткен күшікті шығару үшін шамамен тоғыз метр тереңдікке түсті. Ал Қарағандыда жеке тұрғын үйдің шатырынан өздігінен қозғала алмайтын, жаңа туған марғау құтқарылды.

  Өрттерге байланысты оқиғалар да статистикада ерекше орын алады. Қарағанды қаласында көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде шыққан өрт кезінде құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап қана қоймай, түтінге толы жерде ес-түссіз жатқан итті тапты. Жануарға тыныс алу аппаратын қолдана отырып алғашқы көмек көрсетіліп, кейін иесіне тапсырылды.

  Жануарларды құтқару Төтенше жағдайлар министрлігінің жалпы авариялық-құтқару қызметінің бір бөлігі болып табылады. Бұл 400-ден астам жағдай — үлкен әрі көп жағдайда көзге көріне бермейтін еңбектің бір ғана бөлігі. Мұнда «маңызды» немесе «екінші кезектегі» деген бөлініс жоқ. Өмірге қауіп төнген жерде көмек міндетті түрде көрсетіледі — зардап шеккен тіршілік иесі екі аяқпен жүре ме, әлде төрт аяқпен бе, оған қарамастан.