Орталық коммуникациялар қызметінде қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша баспасөз конференциясы өтті

Орталық коммуникациялар қызметінде қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша баспасөз конференциясы өтті

  2026 жылғы 29 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету: авариялық-құтқару жұмыстары және тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер болып ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Төлешов  Асқар Даулетбайұлы және ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Қажкенов Дидар Сәкенұлы сөз сөйледі.

  Асқар Төлешов ТЖМ жылу беру маусымы кезінде  өрттердің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізетінін айтты. Республика көлемінде өткізілетін профилактикалық іс-шаралар аясында әртүрлі практикалық жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, рейдтер ұйымдастырылып, үйлерді аралау, тұрғындармен түсіндіру әңгімелер мен нұсқаулықтар өткізу, интерактивті іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ азаматтарға атаулы көмек көрсету жүзеге асырылуда.

  Жылыту маусымы басталғалы 1,3 миллионнан астам тұрғын үй араланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың қалауы бойынша пештердің және электр желілерінің жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.  Профилактикалық рейдтердің нәтижесінде 110 астам тұрғын үй өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтірілді.

  Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Олардың үйлерін өртке қауіпсіз күйге келтіру бойынша жан-жақты көмек көрсетілуде. Әкімдіктер мен еріктілердің қатысуымен 2,5 мыңнан астам үйде пеш жөнделіп, қалыпқа келтірілді, 12 мыңнан астам мұржа тазаланды, 2,3 мың электр желілері жөнделді. 41 мыңнан астам датчик орнатылды. Бұрынғы жылу беру маусымдарында (2019 –2024 жылдары) осы датчиктердің уақтылы іске қосылуы шамамен 280 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

  Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар оң нәтиже беруде. Өрттердің, сондай-ақ өрт кезінде қаза тапқан және жарақат алған адамдардың саны азайды.

  Дидар Қажкенов қысқы кезеңнің басынан бастап (2025 жылғы 1 қараша) ТЖМ құтқару бөлімшелері 2 654 адамды (оның ішінде 273 баланы) құтқарғанын және эвакуациялағаны, қар құрсауынан 312 бірлік техника шығарылғаны туралы айтты. Ауа-райының нашарлауы туралы 2 917 SMS-хабарлама жіберілді, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдар 908 рет жабылды. Еліміздің өңірлерінде 1 681 жылыту пункті бар, сондай-ақ  41 трассалық медициналық-құтқару пункті жылыту пункттері ретінде пайдаланылуда.

  Жыл сайын мұз үстінде адамдардың қаза болуына жол бермеуге бағытталған «Мұз» үгіт-насихаттау және алдын алу акциясы өткізіледі. Бүгінгі күні 16,8 мыңнан астам рейд пен патрульдеу ұйымдастырылып, 72 мыңнан астам азаматпен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, сондай-ақ 29 мың балықшыға қауіпсіздік бойынша нұсқама берілді. Құтқару бөлімшелерінің жедел жұмысының арқасында су айдындарында 11 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылды.

  ТЖМ таудағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Ең алдымен маршрутты мұқият жоспарлап, дайындалу қажет, ауа райы болжамымен танысу керек. Тауға шығу туралы және қайтып оралатын болжамды уақытты 112 қызметіне хабарлау қажет. Жеке тұлғалар саяхат басталғанға дейін өмір үшін қауіп-қатері жоғары болуына байланысты жетуі қиын жерлер, су, таулы және спелеологиялық объектілер бойынша саяхат кезінде жүру маршруттары туралы ТЖМ аумақтық органды хабарлама нысанында мынадай тәсілдердің бірімен: 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет телефоны бойынша, ресми сайтында көрсетілген аумақтық органының электрондық пошта мекенжайы бойынша хабарлайды.

  ТЖМ азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, өмірі мен мүлкін қорғау мәселесіне жауапкершілікпен қарауды, сақтық шараларын ұстануды, дауылды ескертулерді қадағалауды, қолайсыз ауа райында ұзақ сапарлар мен серуендерден бас тартуды, мұзға шықпау мен су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатесіз орындауды сұрайды.