Ауылдық жерлерде төтенше жағдай орын алған сәттен кейінгі алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 600 арнайы дайындықтан өткен еріктіні біріктіретін 154 «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Бұл төтенше жағдай кезінде ТЖМ-нің кәсіби күштері келгенге дейін бірінші әрекет етіп, алғашқы шараларды қабылдайтын ауыл тұрғындары.
Ведомстволық бағдарлама қатысушыларының орташа жасы 45 жасты құрайды. Ерікті пункттерге негізінен еңбекке қабілетті, өз аумағын жақсы білетін және ауылдастарының сеніміне ие тұрғындар қабылданады. Қатысу үшін жас шектеуі қойылмайды. Мұнда ең бастысы – денсаулық жағдайы, дене дайындығы және жеке ынта-жігер.
Еріктілерді іріктеу және дайындау белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Арнайы тәжірибе қажет емес, барлық қажетті дағдылар ведомстволық бағдарлама аясында үйретіледі. Еріктілер орта есеппен 7 күн бойы теориялық және практикалық дайындықтан өтеді, өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істеуді, өрт болған жағдайда әрекет етуді және алғашқы дәрігерлік көмекті көрсетуді үйренеді. ТЖМ өткізетін тұрақты жаттығулар мен білімді тексеру дайындықпен қатар жүреді.
Төтенше жағдай орын алғанда еріктілер бірінші болып әрекет етеді. Олар жағдайды бағалайды, өз мүмкіндіктері шегінде өртті оқшаулау шараларын жүргізеді және азаматтық қорғау органдары берген радиобайланыс арқылы ақпарат беріп, кәсіби өрт сөндірушілерді шақырады.
Еріктілердің жүйелі дайындығы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жүргізіледі
Жетісу облысында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерімен бірлесіп, Қаратау ауданының Алмалы ауылындағы өрт сөндіру пунктінің еріктілері үшін оқу-практикалық сабақтарын өткізді. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында өрт-техникалық дайындық бойынша нормативтерді пысықтау және кәсіби тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылды.
Шығыс Қазақстан облысында Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылындағы өрт сөндіру пунктінің еріктілері үшін сабақ өткізілді, онда шартты өртті сөндіру бойынша практикалық әрекеттерді орындады және өрт сөндіру автомобилінің арнайы жабдығымен жұмыс істеу дағдыларын пысықтады.
Мұндай іс-шараларды өткізу ауылдық жерлердегі ерікті өрт сөндіру пункттерінің төтенше жағдайларға әрекет ету дайындығын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.