
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыты бойынша кеңесшісі Бауыржан Айнабеков, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев, сондай-ақ Қарағанды облысы ТЖД өкілдері «Karaganda Komir» ЖШС көмір өндіру кәсіпорындарына барды.
Сапар барысында «Саранская», Кузембаев атындағы, Ленин атындағы және «Қазақстанская» шахталарында қатысушылар кәсіпорындарда қолданылып жатқан өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерінің жұмысымен және техникалық шешімдермен танысты. Персоналды позициялау және іздестіру жүйесіне, таспалы конвейерлердің өрт сөндіру жүйесіне, сондай-ақ апаттық жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендетуге бағытталған көмір шахталарындағы өндірістік процестерді бақылау және диспетчерлеу жүйесіне ерекше назар аударылды.
Іс-шаралар аясында қатысушылар +/- 0 горизонтында (510 метр тереңдікте) орналасқан 61-К10-В желдету штрекінің кенжарына түсті. Онда тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету шаралары мен өндірістік бақылау жүйесінің негізгі элементтерінің жұмыс істеуі тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган мен «Karaganda Komir» ЖШС арасындағы өндірістік процестерді жаңғырту және цифрландыру бағыттары бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін шешуде ғылыми тәсілді қолдануға, сондай-ақ көмір өнеркәсібіндегі тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу саласындағы жетекші шет мемлекеттердің тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді.
Кәсіпорын басшылығымен өткен кездесулердің қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдірудің, заманауи технологияларды енгізудің басым бағыттары айқындалды.