Санитарлық авиацияға арналған тікұшақ айлағы: Шыңғыс Әрінов Алматыдағы жаңа тікұшақ алаңымен танысты

Санитарлық авиацияға арналған тікұшақ айлағы: Шыңғыс Әрінов Алматыдағы жаңа тікұшақ алаңымен танысты

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында №4 қалалық клиникалық аурухананың аумағында орналасқан жаңа заманауи модульдік тікұшақ қону алаңына барды.

  Нысан ТЖМ-нің жедел ден қою және санитариялық авиация инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жүйелі жұмысы аясында жүзеге асырылды.

  Төтенше жағдайлар министрлігінің күшімен заманауи модульдік конструкция орнату арқылы тікұшақ қону алаңына толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар қысқа мерзімде небәрі 15 күн ішінде атқарылды. Алаң қажетті навигациялық жабдықтармен қамтамасыз етілген және кез келген ауа райы жағдайында ТЖМ әуе кемелерін тәулік бойы қабылдауға арналған.

  Жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайтын тікұшақ алаңы Алматының таулы аймақтарынан — қауіп деңгейі жоғары, жыл сайын ауыр жарақаттармен байланысты жазатайым оқиғалар тіркелетін аумақтан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін стратегиялық маңызға ие. Нысанды пайдалануға беру жедел қызметтердің әрекет ету жеделдігін едәуір арттырып, науқастарды жеткізу уақытын қысқартып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

  Ведомство басшылығы санитариялық авиация мен ТЖМ жедел медициналық инфрақұрылымының әлеуетін кезең-кезеңімен нығайтуды жоспарлап отыр. Министрліктің экипаждары тұрақты түрде санитариялық ұшуларды жүзеге асырады, соның ішінде күрделі метеорологиялық және таулы жағдайларда, бұл құтқару және медициналық қызметтердің тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Мысалы 2025 жылы ТЖМ «Қазавиақұтқару» бөлімшесі 536 ұшуды орындап, олардың барысында 513 науқас жедел медициналық көмек көрсету үшін жеткізілді.