Қазақстанның ТЖМ құтқарушылары өткен бес тәулікте қар құрсауынан 257 адамды құтқарды және эвакуациялады

Қазақстанның ТЖМ құтқарушылары өткен бес тәулікте қар құрсауынан 257 адамды құтқарды және эвакуациялады

  Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ 257 адамды, оның ішінде 23 баланы құтқарып, эвакуациялады, сондай-ақ 36 автомашинаны қар құрсауынан шығарды.

  Ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы хабарламалар СМС-хабарламалар, ТЖМ, аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілері арқылы халыққа жеткізілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатысты.

  Құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:

  СҚО-да өткен түнде үш құтқару оқиғасы орын алды

  6 қаңтарда түнде Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті қар және қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсетті.

  Айыртау ауданы Казанка ауылының маңындағы облыстық маңызы бар автожолда екі жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойды. Көліктерде 5 ересек адам және 1 бала болды. Құтқарушылар адамдарды Казанка ауылына эвакуациялады.

  Мамлют ауданының Мамлютка қаласында Жұмысшы кентіне апаратын айналма жолда жеңіл көлік жол жиегіне шығып кетті. Құтқарушылар көлікті жедел түрде шығарды, жүргізуші зардап шеккен жоқ.

  Шал ақын ауданының Сухорабовка мен Арай ауылдарының арасында облыстық маңызы бар автожолда жеңіл көлік қар құрсауында қалды. Көлікте 3 ересек адам болды, олар Сергеевка қаласына эвакуацияланды.

  Ақмола облысында 46 шетел азаматы жылыту пунктіне эвакуацияланды

  6 қаңтарда республикалық маңызы бар автожолда қозғалыстың шектелуіне байланысты Ақмола облысының Есіл ауданында блок-бекетте 46 жолаушысы бар автобус қалды. ТЖМ құтқарушылары полициямен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жақын маңдағы жылыту пункттерінде 46 адамды, оның ішінде 1 баланы алып жүрді және орналастырды. Эвакуацияланғандардың барлығы Ресей Федерациясының азаматтары. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж емес.

  Ақтөбе облысында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді

  3 қаңтарда 112 қызметінің пультіне Алға–Құмсай автожолында болған оқиға туралы хабарлама түсті. Күрделі жол жағдайында автокөліктің істен шығуына байланысты адамдар қиын жағдайға тап болды. Оқиға орнына ТЖМ күштері жедел түрде шықты. Құтқарушылар істен шыққан автокөлікті анықтап, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Үш азамат Алға ауылына жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді. Абырой болғанда, эвакуацияланғандар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

  Сол күні Ақтөбе қаласының маңында «Оңтүстік айналма» облыстық маңызы бар жолда құтқарушылар қар құрсауында қалған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті. Құтқарушылар күшімен ауыр жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды. Көліктің ішінде бір адам болған, ол зардап шекпеген.

  6 қаңтарда Ақтөбе облысының Алға және Хромтау аудандарында ауа райының қолайсыздығына байланысты қар құрсауында қалған учаскелерде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 11 автокөлік қар құрсауынан шығарылып, 33 адам, олардың ішінде 7 бала құтқарылды. Құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

  Қостанай облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді

  Қостанай облысында облыстық маңызы бар автожолда жүк көлігі қар құрсауында қалып қойды. Көлік ішінде екі ересек адам болған. ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, автокөлікті тазаланған жол учаскесіне сүйреп шығарды. Жүргізуші құтқарушыларға алғысын білдірді.

  Сол күні Қостанай облысы ТЖД 112 пультіне Қашар ауылынан 10 шақырым қашықтықта облыстық маңызы бар «Рудный - Қашар - Федоровка» автожолында жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кеткені және құтқарушылардың көмегі қажет екені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде ТЖМ күштері мен құралдары шықты. Құтқарушылар автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарды. Көлік ішінде үш адам, оның ішінде бір бала болды.

  Меңдіқара ауданында Теңіз ауылынан 10 шақырым жерде аудандық маңызы бар «Боровское – Ұзынағаш» автожолында құтқарушылар қиын жағдайға тап болған жеңіл автокөлік жүргізушісіне көмек көрсетті. Техникалық ақау салдарынан көлік құралы қозғалысын жалғастыра алмады. Құтқарушылар Toyota Hilux автокөлігінің лебедкасын пайдалана отырып, жеңіл автокөлікті тазаланған жол бөлігіне сүйреп шығарды. Жүргізуші Боровское ауылына эвакуацияланды. Ер адам медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

  6 қаңтарда ауа райының нашарлауы мен қатты боран салдарынан автомобиль жолдарында қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге құтқарушылардың көмегі қажет болды. Сарыкөл ауданында республикалық маңызы бар «Алматы – Екатеринбург» автожолының жабық учаскесінде құтқарушылар 5 адамды, оның ішінде екі баланы эвакуациялап, жылыту пунктіне жеткізді. Көлік құралы қауіпсіз учаскеге дейін сүйемелденді. Қамысты ауданында Сахаровка ауылының маңында ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің күшімен жеңіл автокөлік жол жиегіндегі ордан шығарылды. Көліктің ішінде 7 адам болған. Тағы бір оқиға Қостанай ауданында Октябрьский және Бозбек ауылдарының арасындағы автожол учаскесінде орын алды. Көріну қашықтығының нашарлауына байланысты жеңіл автокөлік жүргізушісі жол жиегіндегі орға түсіп кеткен. Қызметтік автокөліктің лебедкасының көмегімен құтқарушылар көлікті шығарып, оны Тобыл қаласына дейін сүйемелдеді. Көлікте бір ер адам болған. Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады

  БҚО-да қар құрсауынан 18 адам құтқарылды

  4 қаңтарда күндіз ТЖД күштерімен күрделі метеорологиялық жағдай кезінде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Казталов, Тасқала, Ақжайық және Теректі аудандарында қар құрсауында қалған учаскелерден 18 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды.

  Маңғыстаулық құтқарушылар қар құрсауында қалған жүргізушіге көмекке келді

  2 қаңтарда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Шағырлы-Шомысты кен орнының маңында Бейнеу ауылына бара жатқан жолда қар құрсауында жүк көлігі тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар жіберілді, олар қажетті көмек көрсетіп, көлік құралын босатты. Жүк көлігінің жүргізушісі медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

  Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.