
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі адам өмірін құтқару өзінің өмірлік миссиясына айналған адамдар туралы материалдар сериясын ұсынады. Адамдардың қауіпсіздігін күнде қамтамасыз етіп жүрген ержүрек, кәсіби шебер және қызметіне адал қызметкерлер ерекше назарда.
Өрт сөндіруші Елжан Ережеповтің тарихы
Елжан Толыбайұлы Ережепов Жамбыл облысы ТЖД ең жауапты әрі техникалық тұрғыдан жабдықталған бөлімшелерінің бірін - Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін басқарады. Ол тәжірибелі басшы, мықты офицер және азаматтық қорғау саласындағы қызметін алғашқы шенге дейін-ақ басталған.
Құтқарушы мамандығын Елжан саналы түрде таңдады. Ол 2006 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, бірнеше жылдан кейін Сарысу ауданында алғашқы қызмет жолын бастады. Кейін ТЖ департаментінің түрлі бөлімдерінде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинады.
Елжан Ережеповтің өмір жолы жай ғана табысты офицердің тарихы емес, бұл үлкен отбасылық дәстүрдің жалғасы. Әкесі 25 жылын өртке қарсы қызметке арнаған, бөлімше командирі, прапорщик шеніндегі ардагер.
Бүгінде Елжан Толыбайұлы басқаратын мамандандырылған бөлімде бірнеше кәсіби маман еңбек етеді. Ол ұжымда талапшылдығы, әділеттілігі, тәртіптілігі және жоғары адами қасиетімен құрметке ие. Жас мамандар үшін ол тек басшы ғана емес, бағыт-бағдар беретін тәлімгер ұстаз.
Елжан Ережепов үшін бұл қызмет қарапайым жұмыс емес. Бұл отбасылық құндылықтармен, тәжірибемен және шын ықыласпен бекіген өмір жолы. Ол бала кезінен басталған терезе сыртындағы өрт сөндіру көлігінің дыбысынан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жол.
Әр бөлімшенің өз тарихы бар. Бірақ Елжан Толыбайұлы сияқты адамдар аталмыш тарихты қайта жаңғыртып, құрметке лайық тұлғаларға айналдыруда.
Құтқарушы Азамат Жаналиннің ерлігі
Ақтөбе облысы ТЖД Ырғыз ауданы ТЖ бөлімінің бастығы Азмат Жаналин қызмет жылдары ішінде кез келген сәтте көмек көрсетуге дайын екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Оның жұмысы тек кәсіби борыш емес, күнделікті ерлік пен адалдықтың үлгісі болып табылады.
Міндетіне адалдық, ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін азаматтық қорғау майоры Азамат Жаналин Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оның жүздеген адамның өмірін құтқару жолындағы және төтенше жағдайлардың алдын алудағы ерлігі мен жанқиярлығын мойындаудың символы болды.
Өткен жылы ғана оның басшылығымен құтқарушылар қауіпті жағдайлардан жарты мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге шығарды. Жайсанбай мен Құйылыс ауылдарындағы су тасқыны кезінде ондаған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар су астында қалды. Дегенмен уақытылы және жүйелі эвакуацияның арқасында ешкім зардап шекпеді. Тұрғындар ең қиын сәттерде оның жетекшілігіндегі құтқарушылар бірінші болып көмекке келгенін жылулықпен еске алады.
Өткен қыс айрықша есте қалды, себебі «Самара – Шымкент» тас жолында құтқарушылар ауа райының қолайсыз жағдайында қалған жолаушыларға бірнеше рет көмекке шықты. 21 қаңтарда тоғыз шетелдік азамат мінген автобус эвакуацияланды, ал келесі күні тағы бір жағдай болды: 84 жолаушы мінген автобус қар құрсауында қалды, олардың арасында әйелдер мен балалар да болды. Жүйелі және жылдам әрекеттердің арқасында барлығы қауіпсіз жерге аман-есен жеткізілді.
Оның қызметі тек төтенше жағдайларға ден қоюмен шектелмейді. Ол өз бөлімшесімен бірге алдын алу жұмыстарын белсенді түрде атқарады: тұрғын үйлерді аралап, рейдтер өткізеді, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Өрт сөндіруші Мереке Кенжетаевтың батылдық пен адалдықтың үлгісі
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Мереке Кенжетаев азаматтық қорғау органдарында 2017 жылдан бері қызмет атқарады. Оның бұл мамандықты таңдауы отбасылық тарихпен тығыз байланысты, оған әжесінің 1965 жылы өрт кезінде адамдарды құтқарып жүріп қаза тапқан ағасы майор Кенжебай Жақыпов туралы әңгімелері үлкен әсер етті. Техникалық колледжді бітіріп, Ақтаудағы «Нұрлы жол» әскери кемесінде қызмет атқарған соң, Мереке өзін құтқару мен отпен күрес жолында сынап көруге бел буды.
Қызмет еткен жылдары Мереке қатардағы өрт сөндірушіден бөлімше командиріне дейінгі лауазымдарды атқарды. Ол ондаған өрт сөндіру және құтқару операцияларына қатысты. Атап айтқанда 2024 және 2025 жылдары Петропавлда болған су тасқыны кезінде әріптестерімен бірге тұрғын үйлерді су басудан қорғауға белсене атсалысты. Әріптестері Мерекенің бірбеткейлігін, ұқыптылығын және ең күрделі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білу қабілетін ерекше атап өтеді.
Мереке үшін ең қымбат марапат — құтқарылған адам өмірі. Ол әріптесімен бірге жанып жатқан пәтерден бір жас жігітті алып шыққан сәтті ерекше жылылықпен еске алады. Сол оқиғадан кейін жігіттің туыстары шын жүректен алғыс білдірген.
Мерекенің күш-қуаты мен сабырлылығының сыры — отбасылық қолдауда. Ол жары Аида екеуі Арлан мен Амина есімді екі баланы тәрбиелеп отыр. Бос уақыттарын табиғат аясында спортпен шұғылданып, футбол ойнап, балық аулап белсенді өткізеді. Мереке мықты тыл — құтқарушының табысты қызметінің кепілі деп есептейді.
Өрт сөндіруші Артур Бердашевтың оқиғасы
Осы материалдың кейіпкері Батыс Қазақстан облысы ТЖД Орал қаласы ТЖ басқармасы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Артур Бердашев. Ол министрліктің құрдасы, 1995 жылдың 14 тамызында туған.
Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2016 жылы бастады, ал қазіргі атқарып жүрген лауазымына 2025 жылдан бастап тағайындалды. Қызмет еткен жылдары өзін жауапкершілігі жоғары, білікті әрі батыл құтқарушы ретінде көрсетті.
Оның кәсібилігі мен батылдығының жарқын мысалдарының бірі 2023 жылдың 17 қазанында Оралдағы бес қабатты үйдің пәтерінде өрт туралы хабарлама түскен кезде болды. Пәтер ішінде өздігінен шыға алмай қалған кішкентай балалар болған. Бердашев бір сәт те кідірместен жалын шарпыған пәтерге кіріп, балаларды тауып, оларды қауіпсіз жерге алып шықты. Құтқару операциясының нәтижесінде жалпы саны 15 адам, соның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Бөлімшенің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт көрші пәтерлерге таралмай, дер кезінде сөндірілді.
Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі үшін 2024 жылы Артур Бердашев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Артурдың оқиғасы құтқарушының өмірбаяны ғана емес, ол рухтың, шешімнің және адамгершіліктің үлгісі. Ол әр күнін борышы мен жауапкершілігін орындауға және өзге адамдардың өмірін қорғауға арнаған ТЖМ мыңдаған қызметкерлерінің бірі.
Құтқару жолында: Қалдыбек Асановтың құтқарушы ұшқыштың оқиғалары
Асанов Қалдыбек Мәдібекұлы азаматтық авиация саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының ұшқыш-нұсқаушысы. Оның кәсіби жолы — ерлік пен адам өміріне деген адал қызметтің айғағы.
Ол өмірін тікұшақ басқарумен ғана шектемей, адамдарға қиын сәттерде көмектесуге арнады. Қызмет жолында көптеген аса күрделі құтқару операцияларына қатысып, ерлік пен жанкештіліктің ерекше үлгісін көрсетті.
Оның қызмет жолындағы ең есте қаларлық сәттердің бірі — Түркия мен Қазақстандағы үлкен орман өрттерін сөндіру жұмыстары болды. Қалдыбек Мәдібекұлы мен оның әріптестері өмірін қатерге тігіп, жалын шарпыған қауіпті аумақтарға су жеткізіп, оттың одан әрі таралуына жол бермеді.
Қалдыбек Мәдібекұлының қызмет жолындағы ерекше кезеңдердің бірі — Атырау облысындағы көктемгі су тасқыны кезіндегі құтқару жұмыстары. Тасқыннан кейін кейбір ауылдар мүлдем оқшауланып қалған еді. Қиын метеожағдайларға қарамастан, Асанов зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық жүк жеткізіп қана қоймай, оларға рухани демеу де көрсете білді.
Көрсеткен ерлігі, жоғары кәсіби шеберлігі мен қызметтік борышына адалдығы үшін ол бірқатар жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» ордені және «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісі бар.
Қалдыбек Асановтың өмірі — құтқарушы мамандығының құндылығын, қиындықта алғашқы болып көмекке келетін жандардың ерлігін және істерімен өлшенетін шынайы адамдық ұлылығын еске салады. Оның өмір жолы шабыт беріп, ең күрделі сәттерде біз біргеміз деген сенімнің маңызын көрсетеді.
Жасұлан Мәлік әскери қызметшісінің тарихы
Қазақстан Республикасы ТЖМ Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің арнайы құтқару жұмыстары ротасын іздеу взводын іздеу бөлімшесінің 1 аға маманы.
Сержант Мәлік Жасұлан Зейноллаұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 2001 жылғы мамырдан бастап, 2023 жылғы тамыздан бастап атқарып жүрген лауазымында қызмет өткеруде.
2023 жылғы 12 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысының Қордай асуында техника кептелісі пайда болды. Қысқа уақыт ішінде қар жамылғысының биіктігі 2 метрді құрады, 89 жеңіл автомобиль, жолаушылары бар 6 жүк көлігі бұғатталды. Төтенше жағдай кезінде арнайы техниканы кәсіби басқарудың арқасында ол 115 адамды, оның ішінде 41 әйел мен 15 баланы сәтті шығарып, қар үйіндісінен 62 бірлік техниканы сүйреп апарды.
2024 жылғы 7 сәуірде су тасқыны салдарын жою және елді мекендерге көмек көрсету үшін колонна құрамында 28237 әскери бөлімінің жиынтық құтқару жасағының жеке құрамын Қостанай қаласына жеткізді. Бұдан әрі осы өңірде қойылған міндеттерді орындағаннан кейін, 2024 жылғы 12 сәуірде ол жасақ құрамында Петропавл қаласына бет алды. Құтқару жасағының жеке құрамын уақтылы жеткізудің арқасында су айдындары мен каналдардың жағалаулары нығайтылды, тұрғын үйлер мен аулалардан еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілді.
Қызметтік борышын атқару және адамдардың өмірін құтқару кезінде көрсеткен самоігі мен жанқиярлығы үшін Жасұлан Мәлік «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
ТЖМ тұлғалары: құтқарушы Серғазы Әбдіқадыр
Серғазы Әбдіқадыр – ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы.
ТЖМ жүйесіндегі қызметін 2019 жылы Азаматтық қорғаныс 52859 әскери бөлімінде сарбаз болып бастап, кейін 2021 жылы ТЖМ РЖҚЖ қатарында құтқарушы ретінде жалғастырды.
Негізгі құтқарушы мамандығымен қатар альпинист, сүңгуір және газ-түтіннен қорғаушы біліктіліктеріне ие.
Қызмет атқарған жылдар ішінде жүздеген құтқару операциясына қатысып, көптеген адамдарға көмек көрсетті. Ең маңызды оқиғалардың қатарында 2023 жылы Түркияда болған жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысуы, сондай-ақ 2025 жылы Сорбұлақ жасанды су қоймасында апатқа ұшыраған тікұшақ пен экипажды іздестіру-құтқару жұмыстары бар. Өзін жоғары білікті маман ретінде кәсіби шеберлігін көрсетті.
Қызметтен тыс уақытта спортпен белсенді түрде айналысып, түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Мамандығына жан-тәнімен берілген жан: құтқарушы Владимир Субботиннің оқиғасы
Владимир Субботин төтенше жағдайлар саласында 17 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Еңбек жолын қарапайым құтқарушыдан бастаған ол өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі мен табандылығының арқасында 100-ден астам құтқару операциясына қатысып, ондаған адамның өмірін құтқарды. Қазіргі таңда ол бөлімше бастығы қызметін атқарады.
«Құтқару операцияларының оңайы болмайды. Мен әрдайым оларға өте байыппен дайындаламын. Кейде адамдарды іздеу бірнеше сағатқа, тіпті бірнеше күнге созылады. Құтқарушылар – нағыз әмбебап мамандар. Олардың көмегі ғимараттардың қирауы, су тасқыны, техногендік апаттар, орман өрттері немесе табиғи ортада адамдарды іздеу кезінде қажет болуы мүмкін. Жазғы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылады», – деп Владимир Субботин атап өтті.
Владимирдің су асты құтқару саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Сүңгуірлердің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін арнайы жабдықтары бар. Сүңгуірдің костюмін кию – нағыз рәсім, оған ерекше күтім қажет. Мүлтіксіз ереже бар: сүңгуір барлық жабдығын сүңгу алдында өз қолымен тексеруі тиіс. Бұл істі әдетте ешкімге сеніп тапсырмайды.
Құтқарушылар өз жұмысының басты қағидасы тек дене күшін ғана емес, рухани беріктілікті де бағалайды. Дене даярлығымен қатар ішкі рухани негіз болуы қажет. Адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс пен командада жұмыс істей білу қабілеті аса маңызды, себебі одан тек зардап шеккендердің ғана емес, өздерінің де өмірі тікелей тәуелді.
«Біздің қызметте кездейсоқ адамдар болмайды. Мұнда тек өз ісіне шын берілгендер ғана жұмыс істейді», – дейді Владимир.
Бос уақытында Владимир өзінің сүйікті хоббиі балық аулаумен айналысады, отбасына уақыт бөледі. Оның екі баласы бар. Жұбайы Марина батыл жұбайын мақтан тұтады.
Фельдшер Дана Досқалиева
Жай ғана жұмыс емес – нағыз қызмет. Медиктер күн сайын уақытпен санаспай жүздеген адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалады. Солардың бірі Атырау облысы бойынша Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері 25 жылдық тәжірибесі бар Дана Досқалиева. Өз ісін жүрегімен сүйетін, қолы алтын, әрдайым жайдары да оптимист маман.
1986 жылдан бастап медицина саласында еңбек етіп, балалар стоматологиясы, облыстық балалар ауруханасы, «Ақбота» балалар үйі, №2 емхана секілді мекемелерде қызмет атқарды.
2010 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында фельдшер-диспетчер. Дана Досқалиева әр қызметте өзін сенімді, жауапты және жоғары білікті маман ретінде көрсетті.
Өрт, су тасқыны және басқа да төтенше жағдайларда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге белсене қатысады.
Азаматтық қорғау академиясының оқытушысы Бақтияр Марлен
Төтенше жағдайлар министрлігінің құрдасы Бахтияр Марлен 1995 жылғы 5 желтоқсанда Ұлытау облысы, Қаражал қаласында дүниеге келген. 2013-2017 жылдары Көкшетау техникалық институтында оқып, қауіпсіздік саласы бойынша мамандық алған.
Институтты бітіргеннен кейін төрт жыл бойы Қарағанды облысы ТЖД азаматтық қорғау басқармасында қызмет атқарды. Ол апаттар мен төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғау шараларын жүзеге асыруға, сондай-ақ алдын алу және құтқару жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысты.
2022 жылдан бастап Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында төтенше жағдайлардан қорғау кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, Бахтияр Марлен Ардакович халықаралық деңгейдегі геоинформациялық картография бойынша мастер-тренер болып табылады. 2024 жылдың қазан айында ол Филиппин Республикасына ГИС-курстарын өткізу мақсатында іссапарға аттанды. Аталған курстар халықаралық «MapAction» гуманитарлық ұйымының қолдауымен өткізілді. Бұл ұйым төтенше жағдайлар кезінде жедел картографиялық және талдамалық қолдау көрсетуде маманданған. Оқыту іс-шаралары аясында дағдарыстық ведомстволардың және әрекет ету қызметтерінің мамандары даярлықтан өтті және біліктіліктерін арттырды. Сабақтарға Филиппин, Қытай, Сингапур және Бангладеш мемлекеттерінің өкілдері қатысты.
Кәсіби қызметінің аясында жоғары білікті мамандарды даярлаумен айналысады. Оның көпжылдық тәжірибесі мен кәсібилігі — қоғамды төтенше жағдайлардан қорғау ісіндегі адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі.
Осы адамдардың оқиғалары – ТЖМ-де қызмет ететін, өмір мен денсаулықты қорғауды басты мақсат еткен кәсіби мамандардың нақты дәлелі. Олардың күнделікті еңбегі, ержүректігі және адамгершілігі шынайы құрмет пен алғысты лайық етеді.