Түркістан облысының құтқарушыларына жаңа техниканың кілттері табысталды

Түркістан облысының құтқарушыларына жаңа техниканың кілттері табысталды

  Түркістан облысының ТЖ департаменті өтімділігі жоғары автомобильдерді алды. Жаңа техника жолсыз және таулы жерлерде жедел жұмыс істеуге арналған.

  Іс-шараға Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

  Төтенше жағдайлар вице-министрі халық санының өсуі мен технологиялардың дамуына орай құтқарушыларды жаңа техника және жабдықтармен қамтамасыз етудің аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ол бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын, құтқарушылардың халық игілігі үшін сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар атқарылатынын айтты.

  Осындай автомобильдерді пайдалану құтқарушыларға жетуі қиын аймақтарға жылдам жетуге, барлау жүргізуге және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде қажетті жабдықты жеткізуге мүмкіндік береді.