Абай және Түркістан облыстарындағы ауылдық жерлерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамытуға және нығайтуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
Абай облысы Көкпекті ауданының Тассай ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Ашылу рәсіміне департамент бастығының орынбасары Алексей Штыкель, Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аслан Танысбаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру пункті Қайнар, Ақсу және Үшкөмей елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның қызмет көрсету аймағында 319 тұрғын үй бар, онда 1088 адам тұрады. Бөлімше заманауи техникамен және қажетті өртке қарсы жабдықтармен толық жабдықталған.
Түркістан облысы Түлкібас ауданының Келтемашат ауылында қайта жаңартудан кейін ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Ашылу рәсіміне департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Чайзада, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Асыл Нұрлыбай, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа өрт сөндіру пункті жалпы саны 4687 адам тұратын Келтемашат, Кершетас, Жиынбай, Қоғалы, Дәубаба және Сеславино ауылдарын өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді. Бөлімше тәулік бойы кезекшілік ету және төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған.
Ауылдық жерлерде өрт сөндіру пункттерін ашу және жаңғырту халықтың қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға, оқиға орнына бөлімшелердің жету уақытын қысқартуға және азаматтардың өмірі мен мүлкін сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.