ТЖМ құтқарушылары қыста таудағы сақтық шараларын еске салады

ТЖМ құтқарушылары қыста таудағы сақтық шараларын еске салады

  Жыл басынан бері таулы жерлерде 119 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілді. Мәселен 2025 жылы таулы жерлерде іздеу жұмыстарының саны өткен жылмен салыстырғанда 22,7% - ға көп жүргізілді.

  ТЖМ таудағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Ең алдымен маршрутты мұқият жоспарлап, дайындалу қажет, қар көшкіні мен сел жүру қаупі бар аумақтардың картасымен, ауа райы болжамымен танысу керек. Тауға шығу туралы және қайтып оралатын болжамды уақытты 112 қызметіне хабарлау қажет.

  Жеке тұлғалар саяхат басталғанға дейін өмір үшін қауіп-қатері жоғары болуына байланысты жетуі қиын жерлер, су, таулы және спелеологиялық объектілер бойынша саяхат кезінде жүру маршруттары туралы ТЖМ аумақтық органды хабарлама нысанында мынадай тәсілдердің бірімен: 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет телефоны бойынша, ресми сайтында көрсетілген аумақтық органының электрондық пошта мекенжайы бойынша хабарлайды. Хабарлама мынадай мәліметтерді: жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және байланыс деректерін. Топтық саяхат кезінде ТЖМ аумақтық органды хабарлау топ мүшелерінің бірімен топ мүшелерінің санын, деректері мен байланыс мәліметтерін, қозғалыс бағыты (бағыттың басталу және аяқталу орны, бағыттың ұзақтығы, болжамды қону және демалу орындары) туралы ақпаратты көрсетіле отырып жүзеге асырылады.

  Егер қар көшкіні туралы ескерту жарияланса, тауларға барудан бас тартқан жөн. Егер ескерту болмаса, онда жолға шықпас бұрын метеорологиялық болжамдарды білу, қозғалыс маршруттарын жасау, дайындықсыз учаскелерде серуендеуден және сырғанаудан аулақ болу, таңбаланған соқпақтармен жүру, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар жерлер туралы мүмкіндігінше көбірек білу, қауіпті беткейлерден мүмкіндігінше аулақ болу керек. Егер тауға шығар алдында қалың қар түссе, жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған дұрыс, ал қар көшкіні болмаған жағдайда оның шөгуін күткен дұрыс.

  Тауға аттанбас бұрын маршрутты мұқият зерттеңіз, оның ұзындығын, биіктік айырмашылығын, күрделі учаскелерін, демалуға қолайлы орындарын анықтаңыз. Қайда және қашан баратыныңызды, қашан оралуды жоспарлап отырғаныңызды жақындарыңызға міндетті түрде хабарлаңыз. Ауа райы болжамын тексеріңіз, тауда ауа райы күрт өзгеруі мүмкін: тіпті жаз мезгілінде дауыл, найзағай, қар жаууы ықтимал. Жергілікті жермен алдын ала танысыңыз, өзіңізбен бірге карта, компас, GPS немесе навигатор алыңыз. Маршрут биікке көтерілу мен қиын өткелдерді қамтыса, мұндай жорыққа алдын ала физикалық тұрғыдан жақсы дайындалып барған жөн.

  Тауға шығу кезінде өзіңізбен бірге алып жүруге қажетті жабдықтар тізімі: треккингке арналған тау аяқ киімі. «Қабаттап киіну» қағидасы бойынша киім: термокиім, жылу ұстайтын ортаңғы қабат, желден және жаңбырдан қорғайтын сыртқы күртеше. Су мен тамақ қоры – есептелген мөлшерден көбірек алған жөн. Алғашқы көмек қобдишасы: таңғыштар, антисептик құралдар, ауырсынуды басатын дәрілер, лейкопластырь, дәрі-дәрмектер. Бағыт-бағдар құралдары: карта, компас, навигатор, толық қуатталған телефон және пауэрбанк. Күннен қорғану құралдары: күннен қорғайтын көзілдірік, крем, бас киім. Фонарь және қосалқы батареялар. ТЖ кезінде белгі беру құралдары: ысқырық немесе дабыл айнасы.

  Топпен бірге жүріңіз, артта қалмаңыз және алға шықпаңыз. Қуатыңызды үнемдеңіз, жүктемені теңдей бөліп алыңыз. Әсіресе таныс емес жерде жолдан шықпаңыз, оңай адасып қалуыңыз мүмкін.