
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа және реновациядан өткен ерікті өрт сөндіру пункттері ашылуда. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ шалғай елді мекендер тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған.
Түркістан облысының Ащысай ауылында халық саны шамамен 1 700 адамды құрайтын елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін реновациядан өткен ерікті өрт сөндіру пункті өз жұмысын бастады.
Түркістан облысы Сауран ауданының Ибата ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Ол Ойық, Шоқтас және Ибата ауылдарына қызмет көрсетеді, мұнда 9 542 адам тұрады.
Абай облысы Көкпекті ауданының Көкжайық ауылында ерікті өрт сөндіру пункті ашылды, ол Қарамойыл, Ақой және Қарағандыкөл елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету аймағында 460 тұрғын үй бар, халық саны 1 455 адамды құрайды.
Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шырын ауылында ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға беріліп, ол Ұзынтам елді мекенінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету аймағындағы халық саны 2 мыңнан астам адамды құрайды.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Кеңсай ауылында ерікті өрт сөндіру пункті ашылды, ол Кеңсай, Жарсу, Сарыжыра және Бақасу ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл елді мекендерде шамамен 2000 адам тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Летовочное ауылында «Летовочное ауылдық округі» КММ ЖАО базасында жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы өтті. Өрт сөндіру пункті толыққанды жұмыс істеу үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, оның ішінде өрт сөндіру автоцистернасы, қосалқы тіркеме, өрт сөндіру жабдықтары мен құралдары, сондай-ақ жауынгерлік киімдер мен арнайы нысанды киім жиынтықтары бар. Өртке қарсы пункт халық саны шамамен 1300 адамды құрайтын округтің алты елді мекенінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға және өрттен келетін залалды азайтуға мүмкіндік береді.
Павлодар облысында жергілікті атқарушы органдарының және «Победа» ЖШС-нің қолдауымен Шарбақты ауданының Орловка ауылында жаңа өртке қарсы пункт ашылды. Әкімдік Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп пунктті бастапқы өрт сөндіру құралдарымен, байланыс құралдарымен және өрт-техникалық жабдықтармен, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киім жиынтықтарымен жабдықталған арнайы өрт сөндіру автокөлігімен қамтамасыз етті. Сонымен қатар «Победа» ЖШС өтімділігі жоғары өрт сөндіру техника, соқасы бар трактор берді, техникаға арналған жылы бокс пен қызметкерлердің демалуына арналған бөлме дайындалды. Өртке қарсы пункт Красиловка ауылына да қызмет көрсетіп, жалпы саны шамамен 1400 адамды құрайтын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Салтанатты ашылу рәсімдеріне облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылығы мен өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, демеушілер, сондай-ақ елді мекендердің тұрғындары қатысты.
Барлық өрт сөндіру пункттерінің ғимараттары тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық жағдайлармен жабдықталған. Мұнда өрт техникасына арналған бокстар, диспетчерлік бөлмелер, қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар, демалыс бөлмелері, ас үйлер, сондай-ақ душ кабиналары бар санитарлық тораптар қарастырылған.
Өрт сөндіру пункттерін құру және дамыту ауылдық жерлер үшін ерекше маңызға ие, өйткені төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел жету мен залалды азайту шешуші рөл атқарады.