
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасуда. Ерікті өртке қарсы құралымдары өрт сөндіру пункттері желісінің кеңеюі төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын едәуір қысқартып, ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкінің қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгін Ақтөбе облысы Қобда ауданының Терісаққан ауылында жаңа өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыстық ТЖД басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Аталған өрт сөндіру пунктінің құрылысы ауыл тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Ерлан Қаспақовтың тікелей қолдауымен жүзеге асқанын атап өткен жөн. Жаңа пункт өңірдің өртке қарсы қорғау жүйесіне енгізіліп, жалпы саны 1 815 адамды құрайтын үш елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Атырау облысы Махамбет ауданының Ақжайық ауылында қайта жаңғыртудан кейін өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Ол халқы 1 197 адамды құрайтын елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысан тәулік бойы қызмет атқаруға арналған барлық қажетті қызметтік-тұрмыстық бөлмелермен жабдықталған. Материалдық-техникалық жарақтандыру құрамына өрт сөндіру және құтқару құралдары, байланыс құралдары мен жеке құрамның арнайы киімдері кіреді.
Қарағанды облысы Осакаров ауданының Жұлдыз ауылында «Звёздное» ЖШС шаруа қожалығының базасында өрт сөндіру пункті өз жұмысын бастады. Аталған пункт жалпы саны 3 700 халқы бар бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Пункт жыл бойы жұмыс істейді, барлық қажетті қызметтік-тұрмыстық жағдайлармен жарақталған. Оның иелігінде өрт сөндіру автоцистернасы бар, жеке құрам толықтай жауынгерлік киіммен және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген.
Абай облысы Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылдық округінің Қайнар ауылында жаңғыртылған өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Алексей Штыкель, аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен ауыл тұрғындары қатысты. Пункт Қайнар ауылына, Қараөлең ауылдық округіне және 30-дан астам қыстаққа қызмет көрсетіп, 350 үй мен 1 398 тұрғынды қамтиды. Нысан заманауи инфрақұрылыммен және үш бірлік өрт сөндіру техникасымен жабдықталған.
Өрт сөндіру пункттерін салу және дамыту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың, бизнес өкілдерінің және бейжай қарамайтын азаматтардың белсенді қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттырып, шалғай елді мекендер тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауда маңызды рөл атқарады.