«Мұз» акциясы өңірлерде жалғасуда

«Мұз» акциясы өңірлерде жалғасуда

  «Мұз» насихаттау-профилактикалық акциясы аясында қысқы кезеңде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін 10,5 мыңнан астам рейд мен патрульдеу ұйымдастырылып, 57 мыңнан астам азаматпен алдын алу әңгіме жүргізілді, 15 мың балықшыға нұсқаулық берілді. Құтқару бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының арқасында 11 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылды.

  Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері полиция мен волонтерлермен бірге күнделікті рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

  Астана қаласында қалалық құтқарушылар жағалау аймақтары мен жұқа мұз жатқан учаскелерді тұрақты түрде патрульдейді. Рейдтер барысында балықшылар мен су айдындарының жанында жүрген азаматтармен алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жетуі қиын су айдындарын жедел тексеру үшін квадроцикл пайдаланылады, бұл заң бұзушылықтарды уақытында анықтауға және адамдардың қауіпті мұзға шығуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

  Атырау облысында ТЖД қызметкерлері полиция департаментімен бірлесіп Жайық өзенінің бойында рейдтер ұйымдастырды. Құтқарушылар балықшыларға суда қауіпсіздік ережелерін еске салды және ықтимал қауіптер туралы ескертті. Өңір тұрғындарына қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.

  Шығыс Қазақстан облысында қысқы кезеңнің басталуынан бері мұз үстінде 360-тан астам профилактикалық рейд өткізілді. Іс-шараларға волонтерлер мен полиция қызметкерлері қатысады, тұрақты түрде нұсқаулықтар жүргізіледі. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құтқарушылар автокөліктің мұзға шығуы өте қауіпті екенін атап көрсетеді.

  Жетісу облысында ТЖ департаменті полиция қызметкерлерімен және волонтерлермен бірлесіп су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған профилактикалық іс-шара өткізді. Негізгі назар қысқы балық аулау кезінде болатын оқыс оқиғалардың алдын алуға аударылды. Акция барысында азаматтарға мұздағы қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережелері еске салынып, қазіргі таңда облыстағы су айдындарда мұз әлі қалыптаспағаны, оның қалыңдығы қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтіні түсіндірілді.

  Қызылорда облысында рейдтік іс-шаралар күнделікті өткізіледі. Рейдтер барысында құтқарушылар Сырдария өзенінің жағасында балықшылармен және су айдындарының жанында жүрген азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, қауіпсіздік шараларын және жұқа мұзға шығудың мүмкін болатын салдарын еске салады.

  ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс, ал қараңғы уақытта, нашар көріну кезінде, мұз қата бастаған және еру кезеңінде мұзға шығуға қатаң тыйым салынады! Мұздың қалыңдығы 10-25 см аралығында болған жағдайда мұз астынан балық аулауға тек құтқару жилеті болған кезде рұқсат етіледі!

  Мұзда болған кезде:

  1) мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға;

  2) мұздың жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтармен жиналуға;

  3) мұздағы ойықтарға, жарықшақтарға жақындауға;

  4) өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлік құралдарымен мұзға шығуға;

  5) от жағуға;

  6) 20 сантиметрден аз қашықтықта екі ойық, ал басқа жұп ойықтардан 2 метрден аз қашықтықта екі ойық жасауға;

  7) мұзда жабдықтар мен қоқыстарды қалдыруға жол берілмейді.

  ТЖМ азаматтарды абай болуға, өз өміріне және айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау апаттарды болдырмауға көмектеседі.