Өңірлердегі тұрғын секторда өрттердің алдын алу жұмыстары жалғасуда

Өңірлердегі тұрғын секторда өрттердің алдын алу жұмыстары жалғасуда

  Еліміздің өңірлеріндегі тұрғын секторда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және жылыту маусымында улы газбен уланудың алдын алу бағытындағы ауқымды профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Басты назар әлеуметтік осал топтарға тиесілі үйлерге аударылған.

  Жылыту маусымы басталғаннан бері әлеуметтік осал топтарға тиесілі тұрғын үйлерге 34 876 өрт қауіпсіздігі датчигі орнатылды. Профилактикалық іс-шараларға аула аралау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, улы газ датчигін орнату, сондай-ақ пешпен жылыту жүйесін тексеру және жөндеу кіреді.

  Шығыс Қазақстан облысында ТЖД құтқарушылары тұрғын үйлерді шамамен 34 800 рет аралады. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Өңірде дауылды ескерту жарияланған: суық антициклон сақталып, ауа температурасы төмендеуде. Осыған байланысты құтқарушылар азаматтарды электр жылыту құралдарын қолданғанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады: электр желісін шамадан тыс жүктемеу, құралдардың жұмыс істеуін бақылау, әсіресе түнде оларды қараусыз қалдырмау қажет. ТЖД қызметкерлері ақаулы және өрт қаупі бар пештерді жөндеуге де көмек көрсетеді. Глубоковское ауданы бойынша әлеуметтік осал отбасылардың үйлерінде пешпен жылыту жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

  Жамбыл облысында профилактикалық іс-шаралар Шу ауданының аумағында жүргізілді. Жұмыс барысында құтқарушылар 130 улы газ датчигін орнатып, 20 мұржаны тазалады. Әлеуметтік осал топтарға тиесілі үйлерге ерекше назар аударылды.

  Жетісу облысында өрт хабарлағыш трагедияның алдын алды. 2025 жылғы 2 желтоқсанда Сарқан қаласында 112 пультіне тұрғын үйдегі түтінді өрт хабарлағыш іске қосылғаны туралы хабар түсті. Үйде үй иесі мен оның төрт немересі болған. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндіру бөлімшелері пештің жанында бөлме аралық қабырғаның бықсығанын анықтады. Өрт уақытында сөндірілді, оттың таралуы мен бөлмелерді түтін басуына жол берілмеді, зардап шеккендер жоқ. Хабарлағыш ТЖМ қызметкерлерінің алдын алу жұмыстары аясында қараша айында орнатылған еді. Дәл оның уақытылы іске қосылуы қауіпті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік берді.

  ТЖМ азаматтарға тұрғын үйлерді түтінді өрт хабарлағышпен жабдықтаудың, пештерді, мұржаларды және электр сымдарын үнемі тексерудің, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын еске салады.