ТЖМ өрт сөндірушісі мемлекеттік наградамен наградталды

ТЖМ өрт сөндірушісі мемлекеттік наградамен наградталды

  Адамды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, ержүректілігі және жанқиярлығы үшін Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Өскемен қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ринат Жылқышинов «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен наградталды.

  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов салтанатты жағдайда батырға жоғары награданы табыс етіп, оның кәсібилігін, батылдығын және азаматтық қорғау қызметіне адалдығын атап өтті.

  Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 11 маусымында Өскемен қаласындағы бес қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт шықты. Оқиға орнына жеткен кезде Ринат Жылқышинов газ-түтіннен қорғау қызметінің тобы құрамында қатты түтін жағдайында барлау жүргізді. Тұрғын үйде іздестіру барысында ол 1946 жылы туған пәтер иесін тапты. Өрт сөндіруші зардап шеккен адамға құтқару қалпағын кигізіп, оны қауіпті аймақтан эвакуациялап, шұғыл медициналық көмек бригадасының дәрігерлеріне тапсырды. ТЖД қызметкерінің жылдам және сауатты әрекеттерінің арқасында адам өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік туды.

 Ринат Жылқышиновтың ерлігі кәсібіне адалдықтың айқын үлгісі болып табылады, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының барлық қызметкерлері үшін лайықты бағдар болып табылады.