
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау
ауданында көрікті Шалқар көлінің жағасында жаңа типтегі модульдік құтқару станциясының салтанатты ашылуы өтті.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, ТЖ департаментінің қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР ТЖМ басшысы туристік саланы дамыту тікелей қауіпсіздік мәселелерімен байланысты екенін атап өтті:
«Мемлекет басшысы туризмді экономикадағы негізгі драйверлердің бірі деп белгілеп, инфрақұрылымды дамыту мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Туристер үшін ең бастысы — қауіпсіз және ыңғайлы орта. Бүгін ашылып отырған нысан осы талаптарға толық сай келеді», — деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Жаңа құтқару станциясы облыстағы үшінші нысан, су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық объект болып табылады. Капсулалық ғимарат қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде салынды.
Станция тәулік бойы кезекшілік жүргізуге, жедел әрекет етуге, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жеке құрам үшін қызмет көрсетуге ыңғайлы жағдай жасалған, бұл атқарылатын міндеттердің тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Жаңа бөлімшенің жауапкершілік аймағында жыл сайын шамамен 87 мың адам баратын 26 демалыс аймағы бар. Станцияны пайдалануға беру оқиғаларға жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, судағы төтенше жағдайлардың алдын алуды күшейтеді және жергілікті тұрғындар мен аймақ қонақтарының қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Шалқар көліндегі құтқару станциясының ашылуы қауіпсіз және тұрақты туризмді дамыту бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, сондай-ақ халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласында ТЖМ мүмкіндіктерін күшейту жолындағы тағы бір қадам болды.