
Солтүстік Қазақстан облысының курорттық аймағындағы Айыртау ауданының көркем Имантау көлінің жағасында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жаңа модульдік үлгідегі алғашқы құтқару станциясын ашты.
Заманауи нысан Имантау–Шалқар курорттық аймағындағы қауіпсіздік жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болды. Бұл аймақ – ішкі туризмнің танымал бағыттарының бірі. Жаңа станция жыл сайын 33 мыңнан астам адам баратын 13 демалыс аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр жобаның стратегиялық маңызын атап өтті:
«Бұл станцияның ашылуы – өңір үшін маңызды жоба. Ол демалушылардың қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, туризмді дамыту және курорттық аймақтардың инфрақұрылымын нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сәйкес келеді. Мұндай нысандардың көбеюі өңірлердің дамуына ықпал етіп, ішкі туризмді ынталандырады және келушілердің сенімін арттырады».
Модульдік үлгідегі капсулалық ғимарат қысқа мерзімде салынды. Құтқару станциясы тәулік бойы кезекшілік атқаруға, сондай-ақ авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге толықтай жабдықталған. Ғимарат ішінде жұмыс аймағы, ас үй, техникалық үй-жай және жеке құрамға арналған демалыс аймағы қарастырылған.
Құрылыс кезінде минералдық жылуұстағышы бар энергия үнемдейтін сэндвич-панельдер қолданылды, ал электрлік жылыту жүйесі кез келген уақытта жайлы температураны қамтамасыз етеді. Су бетіне жылдам шығу үшін баспалдақ пен кеме тұруға арналған пирс жабдықталған.
Жаңа станция құтқарушыларға шамамен 70 шаршы километрді қамтитын су айдынындағы оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңір көлдерінде демалуды таңдаған Қазақстан азаматтары мен шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Заманауи құтқару бөлімшелерін іске қосу ТЖМ мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді және елімізде қауіпсіз әрі ыңғайлы туристік инфрақұрылымды құруға тағы бір қадам болып табылады.