
Петропавл қаласының Береке шағын ауданында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен жаңа үлгідегі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл соңғы 50 жылда өңірде ашылған алғашқы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі. Бөлімшеге ерлігі мен жанқиярлығын құрметтеу және еске алу мақсатында өртті сөндіру кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Алтынбек Абдрахмановтың есімі берілді.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен салынған заманауи ғимарат облыс орталығының қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік ауданында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алтынбек Абдрахмановтың отбасы мүшелері — жұбайы, әжесі мен балалары, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.
Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жеке құрамға жаңа өрт сөндіру және құтқару техникасының кілттерін табыстады. Атап айтқанда автоцистерналар, жедел әрекет ету көліктері, «Ирбис» батпақта жүретін көлік және командалық-штабтық машина берілді.
Сондай-ақ бөлімше қызметкерлеріне өрт сөндіру бөлімі аумағында салынған жаңа екі қабатты ведомстволық жатақханада орналасқан пәтерлердің кілттері табысталды. Жеке құрамды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік қолдаудың маңызды шарасы болып табылады және қызметкерлердің қызмет етуі мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Өрт сөндіру бөлімінің екі қабатты ғимараты 8 шығуға арналған және заманауи талаптарға толықтай сай келеді. Ол тәулік бойы қызмет атқаруға, өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нысан құрамында 4 өрт сөндіру автокөлігіне арналған гараж, кезекші ауысымдарға арналған бөлмелер және техникалық бокстар бар. Сонымен қатар «Batyr team» ведомстволық клубының спорт залы, оқу сыныбы, музей, психологиялық демалыс бөлмесі, ас үй және жеке құрамға қолайлы жағдай жасауға арналған қосалқы үй-жайлар қарастырылған. Іргелес аумақта оқу-жаттығу өткізуге арналған оқу мұнарасы жабдықталған.
№ 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін пайдалануға беру Петропавл қаласының оңтүстік-шығыс бөлігін сенімді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бөлімшенің жауапкершілік аймағына мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер, емхана, ондаған кәсіпорындар мен мұнай базалары орналасқан өнеркәсіптік аймақ, сондай-ақ республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары кіретін болады.
Іс-шара соңында Еске алу аллеясында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Жаңа бөлімшенің ашылуы Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ТЖМ әлеуетін едәуір арттырады.