
Ұлытау облысының ТЖД-де өрт кезінде балаларды құтқару барысында ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері марапатталды.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығына сәйкес, «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен патрульдік қызмет взводының инспекторы Әсет Әбдуақитов және Ұлытау облысы ПД-ның Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің патрульдік қызмет взводының инспекторы Нұрболат Нұрғабыл марапатталды.
ТЖД бастығы Есен Байыров салтанатты түрде полицейлерге наградаларды табыстап, көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 29 қазанында Сәтбаев қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің пәтерінде өрт шыққан болатын. Көшелерді патрульдеу барысында полиция қызметкерлері Әсет Әбдуақитов пен Нұрболат Нұрғабыл пәтер терезесінен шыққан жалынды байқап, дереу оқиға орнына жеткен. Олар өрттен үш баланы алып шықты.
Олардың бұл әрекеті кәсібиліктің, батылдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі болып табылады.