ТЖМ азаматтарды жұқа мұзға шықпауға және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады

ТЖМ азаматтарды жұқа мұзға шықпауға және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады

  Төтенше жағдайлар министрлігі халықтың назарын қысқы кезеңде әлі қатпаған мұзға шығу қаупі туралы ескертеді және су айдындарында болған кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұсынады.

  Қыс – мұз үстінде балық аулаушылар мен демалушылар үшін ең қауіпті кезеңдердің бірі. Өңірлерде құтқару бөлімшелері жұқа мұздың қауіптілігі туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізуде.

  «Мұз» республикалық үгіт-насихат және профилактикалық акциясы аясында 6,5 мыңнан астам рейд пен патрульдеу ұйымдастырылып, 35 мыңнан аса азаматпен түсіндіру әңгімелері жүргізілді, сондай-ақ 12 мың балықшыға нұсқаулықтар берілді. Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында 11 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылды.

  Ақмола облысында құтқарушылар Қопа көлінің жағалауында рейдтік іс-шаралар өткізіп, балықшылар мен кәмелетке толмағандарға мұз үстінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін еске салды. Іс-шараларға полиция қызметкерлері мен волонтерлер жұмылдырылды.

  Алматы облысында құтқарушылар су жағасында демалып жүрген азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Олар қараңғы уақытта мұзға шығуға болмайтынын ескертіп, жалғыз балық аулаудың қауіптілігі мен құтқару кеудешелерінің міндетті түрде болуы қажеттігін еске салады.

  Батыс Қазақстан облысында ТЖМ 20982 әскери бөлімінің  2-құтқару батальонының әскери қызметшілері мен ТЖД құтқарушылары Жайық өзенінің жағалау сызығын патрульдеп, алғашқы мұздың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Орал қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау аймағын профилактикалық патрульдеу тұрақты түрде жүзеге асырылады.

  Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мұздың сирек қатуына қарамастан, тайыз жерде пайда болатын жұқа мұз жиегі балықшылар үшін қауіп төндіреді. Маман­дар азаматтарға әлі қатпаған мұзға шығу немесе қатқан учаскелерге жақындау суға құлау мен жазатайым оқиғаға әкелуі мүмкін екенін түсіндіруде.

  Павлодар облысының ТЖД қызметкерлері де профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Тұрақты суықтың алғашқы апталарында мұздың жұқа болуына қарамастан, жыл сайын азаматтардың қатқан су айдындарына шығу жағдайлары тіркеледі. Өткен жылы мұзға құлау бойынша 4 жағдай тіркелген, оның екеуі кәмелетке толмағандар болған.

  ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс, ал қараңғы уақытта, нашар көріну кезінде, мұз қата бастаған және еру кезеңінде мұзға шығуға қатаң тыйым салынады! Мұздың қалыңдығы 10-25 см аралығында болған жағдайда мұз астынан балық аулауға тек құтқару жилеті болған кезде рұқсат етіледі!

  Мұзда болған кезде:

  1) мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға;

  2) мұздың жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтармен жиналуға;

  3) мұздағы ойықтарға, жарықшақтарға жақындауға;

  4) өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлік құралдарымен мұзға шығуға;

  5) от жағуға;

  6) 20 сантиметрден аз қашықтықта екі ойық, ал басқа жұп ойықтардан 2 метрден аз қашықтықта екі ойық жасауға;

  7) мұзда жабдықтар мен қоқыстарды қалдыруға жол берілмейді.

  ТЖМ азаматтарды абай болуға, өз өміріне және айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау апаттарды болдырмауға көмектеседі.