
Қазақстан ТЖМ жылыту кезеңінде өрт санын азайтуға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған тұрғын үй секторындағы кешенді профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Құтқарушылар азаматтар арасында атаулы және түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралармен 726 мыңнан астам үй қамтылып, 1,5 млн астам азаматқа нұсқау берілді. ТЖМ мамандары тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреді, азаматтардың сұрауы бойынша анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға ерекше назар аудара отырып, жылыту пештерін, түтін мұржаларын және электр жүйелерін тексереді.
Әлеуметтік осал санаттар мен көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік осал азаматтардың 108 мыңнан астам үйі және көп балалы отбасылардың 225 мың үйі есепке алынды. Атаулы көмек аясында олардың үйлерінде газ бен жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануының 32,8 мың датчигі орнатылды.
Сондай-ақ, құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелеріне енгізілген жаңашылдық туралы түсіндіреді. Жеке тұрғын үйлердің иелері тұрғын үй-жайларды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтауы қажет.
Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап тұрмыста газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Газбаллон» Республикалық профилактикалық акциясы өткізілуде. Мамандар тұрғындарға газ баллондарын сақтау және қосу ережелерін еске салады, сондай-ақ төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін дұрыс пайдаланбау фактілерін анықтайды.
Бүгін Астана қаласындағы кезекті рейд барысында ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев: «Біздің басты міндетіміз - қайғылы оқиғалардың алдын алу. Біз қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және әсіресе қолдауды қажет ететіндерге көмектесу үшін тұрғын үй секторына үнемі барамыз. Қарапайым шаралар - хабарлағыштарды орнату, пешті тексеру, жарамды электрсымдард - өмірді құтқарады», - деп атап өтті.
Өрт пен улы газбен уланудың алдын алу жұмыстары бүкіл елде жалғасуда.
ТЖМ пештердің, мұржалардың, электр сымдарының және газ жабдықтарының жағдайын үнемі тексеріп отыру, сертификатталған түтін мен газ датчиктерін пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін еске салады.