Минскіде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Вадим Синявскийдің ресми кездесуі өтті.
Кездесудің басты бағыты - тәжірибе алмасу және мамандарды бірлесіп даярлау. Тараптар төтенше жағдайларды жоюға арналған заманауи технологиялар мен жабдықтарды, ЕАЭО шеңберіндегі қадағалау қызметін, сондай-ақ су тасқыны, орман өрттері мен дауылдарды қоса алғанда, табиғи апаттарға ден қоюдың жедел ақпараттарымен және озық тәжірибелерімен алмасуды талқылады. Атом электр станцияларын қоса алғанда, қауіптілігі жоғары объектілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.
"Беларусьтің атом объектілерін басқару мен пайдаланудың интеграцияланған орталықтарын құру тәжірибесі бар. Біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін арттыру үшін бірлесіп оқыту және білім алмасу өте маңызды", - деп министр Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Ресми жұмыс сапары аясында Қазақстан делегациясы Республикалық төтенше жағдайларды басқару және ден қою орталығына барды. Онда құтқару бөлімшелерінің нақты уақыттағы іс-қимылдарын мониторингтеу, болжау және үйлестіру жүйелері көрсетілді.
Сондай-ақ, делегация Беларусь ТЖМ Азаматтық қорғау университетінде болды. Қазақстандық курсанттар Қазақстан Республикасы ТЖМ басшысымен және ведомство өкілдерімен кездесті. Кездесуден кейін министр Шыңғыс Әрінов қайтыс болған құтқарушылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ресми жұмыс сапары Қазақстан мен Беларусьтің төтенше жағдайларға ден қою жүйелерін нығайтуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігі мүддесінде бірлескен жобаларды іске асыруға бейілділігін растады.