Өрт қауіпті маусымның қорытындылары: ірі табиғи өрттердің алдын алу, келесі жылға арналған шаралар белгіленді

Өрт қауіпті маусымның қорытындылары: ірі табиғи өрттердің алдын алу, келесі жылға арналған шаралар белгіленді

  Өрт қауіпті кезеңнің қорытындылары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Хатшылығы меңгерушісі Қаныш Төлеушиннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

  Өрт қауіпті кезеңнің қорытындылары мен келесі өрт қауіпті маусымға өңірлердің дайындығын арттыру бойынша іске асырылып жатқан іс-шаралар туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев баяндады. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті жағдайды төмендету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрлері Нүркен Шәрбиев пен Нұрлан Құрмалаев ақпарат берді.

  Ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңі аяқталды.

  Мемлекеттік органдардың уақытылы, кешенді және үйлестірілген іс-қимылының арқасында локалды өрт ошақтарының ауқымды өрттерге ұласуына жол берілмеді.

  Ерте ескерту шаралары тиімді іске асырылды: өрт жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілді, тұрақты әуе патрульдеуі жүзеге асырылды, бақылау «Табиғат» ақпараттық жүйесін, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректерін, ғарыштық мониторинг пен ТЖ геоақпараттық жүйесін қамтитын кешенді жүйе арқылы қамтамасыз етілді.

  Жедел ден қою үшін су төгетін құрылғылары бар авиация тартылды.

  ТЖМ күштерімен 34 орманшылықта 42 механикаландырылған бақылау бекеті орналастырылды. Орманды-дала алқаптарында мобильді топтар 19 мыңнан астам рейд жүргізді.

  Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан ТЖМ бөлімшелерімен трансшекаралық оқу-жаттығулар, сондай-ақ орман шаруашылықтарының қатысуымен 410 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді.

  Жалпы, өткен өрт қауіпті кезең профилактиканың жаңа моделін енгізудің, жедел ден қоюдың және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын көрсетті.

  Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 63 мың га алаңда 614 орман өрті тіркелді, оның ішінде орманмен жабылған аумақ 22,9 мың га болды.

  Орманмен жабылған және өрт шалған аумақ соңғы үш жылдың орташа көрсеткіштерінен аспайды.

  Халықтың кінәсінен болған орман өрттері барынша азайтылды. Орман өрттерінің негізгі себебі — найзағай разрядтары (60%), әсіресе құрғақшылық кезеңінде.

  Ірі орман өрттерінің туындауына негізгі факторлар — іргелес дала учаскелерінен оттың өтуі, батпақты жерлерді қоса алғанда өрт шыққан аумақтардың қолжетімсіздігі және жол инфрақұрылымының жоқтығы, бұл жедел ден қоюды қиындатты.

  Кеңес қорытындысы бойынша келесі өрт қауіпті маусымда профилактиканы жетілдіруге, әрекет ету тиімділігін арттыруға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың кеңейтілген кешенін қарастыру тапсырылды.