Орталық коммуникациялар қызметінде жылыту кезеңінің өтуі туралы баспасөз конференциясы

Орталық коммуникациялар қызметінде жылыту кезеңінің өтуі туралы баспасөз конференциясы

2025 жылғы 27 қарашада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымының өтуі туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.  Спикер ретінде ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Төрегелдиев Ерлан Абылайұлы сөз сөйледі.

Спикердің айтуынша, ТЖМ жылыту кезеңінде өрттің алдын алу бойынша барлық жерде күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Профилактикалық іс-шаралар алдын-ала, маусым басталғанға дейін қолға алынып, оның барлық кезеңінде жалғасуда. Басты мақсаты – тұрғын үй секторындағы өрттердің санын азайту және адам өліміне жол бермеу.

Республикалық өрт қауіпсіздігі профилактикалық айлығы аяқталды. Оның аясында жергілікті атқарушы органдардың, волонтерлердің, бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықтың қатысуымен ауқымды жұмыс ұйымдастырылды. Айлық форматында аулаларды аралау, рейдтер, нұсқаулар, интерактивті іс-шаралар, практикалық жаттығулар және халыққа атаулы көмек көрсету іс-шаралар кешені өткізілді.

ТЖМ есебінде халықтың әлеуметтік осал топтарының 108 мың тұрғын үйі, сондай-ақ 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оларға жылыту және электр жүйелерін жарамды күйге келтіру, түтін мұржаларын күйеден тазарту және басқа да профилактикалық көмек көрсетілді.  Рейдтер барысында 89 мыңнан астам үй өртке қауіпсіз жағдайға келтірілді.

Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлерде газ бен жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануын анықтайтын датчиктерді орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Ағымдағы жылы 31 мыңнан астам датчик орнатылды.

Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге ерекше назар аударылады. Балабақшалар мен мектептерде тақырыптық, интерактивті сабақтар, ертеңгіліктер, практикалық жаттығулар өткізіледі.  Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Брайль шрифтіне бейімделген арнайы жаднамалар әзірленді.

Өткізіліп жатқын іс-шаралар өзінің тиімділігін көрсетуде. Ағымдағы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттер санының азаюы, сондай-ақ қаза болғандар мен жарақат алғандар санының азаюы тіркелді. Өрт туындамай пешті пайдалану кезінде улы газбен уланудан қаза болу және жарақат алу жағдайларының азаюы байқалады.

Айта кету керек, 2025 жылғы 10 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгерістер енгізді. Оған сәйкес жеке тұрғын үйлердің тұрғын үй-жайлары автономды оптикалық-электрондық түтін өрт хабарлағыштарымен міндетті жабдықталуға жатады.

ТЖМ маусым бойы профилактикалық жұмысты жалғастырады және барлық азаматтарды жауапкершілік танытып, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырады.