
Бангкокта (Тайланд) БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) зілзалалар қауіп-қатерін азайту комитетінің тоғызыншы сессиясы өтіп жатыр.
Қазақстандық делегациядан Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов және Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бақытжан Алашов қатысуда.
Сессия барысында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы климаттың өзгеруіне, ыстық ауа-райының күшеюіне және табиғи зілзалалар қауіп-қатерін басқаруға байланысты өзекті сын-қатерлер талқыланады.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Рамиль Камалов зілзалалар қауіп-қатерін азайту саласындағы өңірлік өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын ұсынды. Ол өсіп келе жатқан климаттық қатерлер алдында мемлекеттердің тұрақтылығын арттыру үшін өңірлік үйлестіруді нығайтудың және озық технологиялық шешімдермен алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық делегацияның осы сессияға қатысуы елдің халықаралық міндеттемелерді орындауға бейілділігін және өңірдің климаттық сын-қатерлерге орнықтылығын нығайтуға үлес қосуға ұмтылысын растайды.