Бүгін ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мен ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жаппай жаңа жылдық мерекелер кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспарына қол қойды.
Мереке күндері қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Сауда-ойын-сауық орталықтарына, базарларға, дүкендерге, балалардың ойын-сауық алаңдарына, мәдениет үйлеріне келушілер санының өсуі, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды жиі пайдалана отырып, жаппай мерекелер өткізу өрттер мен басқа да оқиғалардың туындау ықтималдығын арттырады.
Осыған байланысты 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ТЖМ мен ІІМ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық науқанды бастайды.
Ынтымақтастық аясында үш ірі акция басталады: «Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника».
«Газбаллон» акциясы газбаллон жабдығын пайдаланумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Акция аясында автожолдар мен паркингтерде рейдтер жүргізу, үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыру, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген.
«Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясының іс-шаралары жаппай жаңа жылдық мерекелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Эвакуациялық шығуларды, өрт дабылы жүйелерін тексеруді және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауды, сондай-ақ кәсіпкерлермен және мерекелік кештерді ұйымдастырушылармен кездесулерді қоса алғанда, жаппай жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындарда профилактикалық жұмыс жүргізілетін болады.
«Пиротехника» акциясы пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт пен жарақаттанудың алдын алуға бағытталған. Пиротехниканы сақтау және өткізу орындары бойынша бірлескен рейдтер жоспарланған.
Азаматтарды өрт және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.