
Ақмола облысында ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін нығайту және төтенше жағдайларға жедел ден қою бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру халықтың қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыруға және жергілікті жерлерде қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Степногорск қаласының Қарабұлақ ауылында өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Пункт ТЖД автопаркінен берілген өрт сөндіру автоцистернасымен жабдықталған. Ол ең жақын мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 13 шақырым қашықтықта орналасқан және ауылдың 1123 тұрғынын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ететін болады.
Нысанда қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған: ғимарат қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жылыту және электрмен жабдықтау жүргізілген, бөлімшелермен байланыс орнатылған. Пункт жеке құраммен және өртке қарсы техникалық құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің мамандары қызметкерлерді оқытады.
Сонымен қатар Бурабай ауданының Ақылбай ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Ол да ең жақын өрт сөндіру бөлімінен 13 шақырым қашықтықта орналасқан және бірден үш елді мекенге Ақылбай, Баянбай және Кенесары ауылдарына, жалпы саны 2811 адамға қызмет көрсететін болады.
Ықтимал өрттерге дер кезінде ден қою үшін пункт өрт сөндіру автоцистернасымен, заманауи жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қызметкерлер мемлекеттік өртке қарсы қызмет мамандарының басшылығымен даярлықтан өтуде.
Жаңа пункттердің ашылуы ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін нығайту бағдарламасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар мен Ақмола облысының ТЖД үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды.
Мұндай пункттердің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.