Түркістан облысының Құтарыс ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Салтанатты рәсімге төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров және жергілікті бизнес өкілдері қатысты.
Жоба кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды, олар нысанды салуға және жабдықтауға өз қаражаттарын салды. Бастаманы іске асыруға белсене қатысқаны үшін инвестор Роман Ниязалиев ТЖМ-нің ведомстволық наградасымен наградталды.
«Біз салып жатқан барлық жобалардың ішінде бұл ең өмірлік маңызы бар жоба. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы туралы білген соң, біз оған қатысуды ұйғардық және бұл бастамаға басқа да кәсіпкерлер қосылады деп үміттенеміз», — деді Роман Ниязалиев.
«Кәсіпкерлердің сыртта қалмай, бізбен бірге ерікті өрт сөндіру бекеттері желісін дамытып жатқаны қуантады. Кәсіпкерлердің өз ауылдарының қауіпсіздігіне инвестиция салуы — бұл әлеуметтік жауапкершіліктің ең жақсы мысалы», — деп төтенше жағдайлар министрі атап өтті.
Еріктілер ТЖ министрлігінен өрт сөндіру цистернасын, арнайы киім, жедел көлік және байланыс құралдарын алды. Ғимаратта кезекшілер бөлмесі, асхана, спорт залы, душ және демалыс бөлмесі қарастырылған. Жаңа бекет Құтарыс округіндегі алты ауылға қызмет көрсетеді, онда шамамен 8 мың адам тұрады.