Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пунктінің ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Жобаны іске асыруға жергілікті бизнес өкілдері белсенді қатысып, пункттің құрылысы мен тұрмыстық заттармен жабдықталуына қолдау көрсетті.
«Бизнес қауымдастығы бастама танытып, ерікті өрт сөндіру бекеттерін дамытуға нақты үлес қосып жатқаны маңызды. Бұл ауыл аймақтардың өрт қауіпсіздігі мен тұрғындардың қорғалуын нығайтуға септігін тигізеді», — деп ТЖМ басшысы атап өтті.
Жаңа пункт қызмет атқаруға қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген: өрт техникасына арналған бокс, кезекшілерге арналған үй-жай, байланыс құралдарымен жабдықталған диспетчер бөлмесі, ас үй, асхана және «Batyr Team» спорт залы бар. Еріктілер ТЖМ бөлімшесі берген өрт сөндіру автоцистернасымен, жауынгерлік киіммен және радиостанциялармен қамтамасыз етілді.
«Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы пункті Қарамұрт, Низамабат және Аққала ауылдарына қызмет көрсететін болады. Бұл елді мекендерде 19 мыңнан астам адам тұрады. Ол ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.