Өндірістегі қауіпсіздік ТЖ министрлігінің басты басымдығы

Өндірістегі қауіпсіздік ТЖ министрлігінің басты басымдығы

  2025 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев жұмыс сапары аясында өндірістік үдерістермен, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейімен, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы заңнама талаптарының орындалуымен танысу мақсатында Астана қаласында орналасқан «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ, «Экотон +» АҚ және «Stroygood» ЖШС кәсіпорындарын аралады. 

  «Ақмола вагон жөндеу зауытына» АҚ барған сапары барысында вице-министр теміржол вагондарын жөндеу және жаңғырту технологиялық процесімен, өндірістік үй-жайлардың жағдайымен, өртке қарсы қорғау жүйелерімен және персоналды қауіпсіздік шараларына оқытудың ұйымдастырылуымен танысты. Кәсіпорын басшылығына алдын алу шараларын одан әрі жетілдіру және ықтимал төтенше жағдайларға дайындықтың жоғары деңгейін сақтау бойынша ұсыныстар берілді.

  Құрылыс материалдары мен су тазарту жүйелерін өндіруге маманданған «Экотон +» АҚ және «Stroygood» ЖШС кәсіпорындарында вице-министр өндірістік цехтарды қарап шықты, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуын тексерді, сондай-ақ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған қолданылып жатқан технологиялармен танысты.

  Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша вице-министр кәсіпорындардың қызметіндегі оң нәтижелерді атап өтіп, қауіпсіздік мәселелеріне жүйелі түрде қараудың және өндірістік мәдениетті үнемі арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету — бұл бір реттік шара емес, әрбір қызметкердің күнделікті еңбегі. Тек мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігері арқылы ғана төтенше жағдайлардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалуға болады», — деп вице-министр Е. Садырбаев атап өтті.

  Сапар кәсіпорын басшылығымен өткен жұмыс кеңесімен аяқталды, оның барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында ТЖМ мен өнеркәсіптік нысандар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту шаралары талқыланды.