
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Ақмола және Қызылорда облыстарында жаңа ерікті өртке қарсы құралым пункттері ашылды.
Мәселен Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пункті жұмыс істей бастады. Оның қызметі Бәйгеқұм, Жөлек, Талаптан және Ортақшыл ауылдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларға жедел ден қоюға бағытталған.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен Қызылорда облысы ТЖД бастығы Мадияр Мырзагелдиев қатысты. Пунктте негізгі өрт автокөлігімен қамтамасыз етілген төрт өрт сөндіру маманы тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар Жалағаш ауданының Есет батыр ауылында тағы бір өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа нысан үш жақын елді мекенде тұратын 4 мыңнан астам тұрғын үшін өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады.
Осындай өрт сөндіру пункті Ақмола облысы Ақкөл ауданының Урюпинка ауылында да ашылды. Іс-шара барысында аудан әкімдігі мен облыстық ТЖД өкілдері ауылдық округтерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту маңыздылығын атап өтті. Іс-шара қонақтары бөлімшінің техникалық жабдықтарымен танысып, өрт техникасы мен киім-кешегін қарап шықты, сондай-ақ жеке құраммен сөйлесіп, пікір алмасты.
Ақмола облысының құтқарушылары жаңа пунктке толық өрт-техникалық жарақтандырылған автоцистерна табыс етті. Бөлімше радиусы 25 шақырымды қамтитын Урюпин ауылдық округінің алты елді мекенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады, онда шамамен бір мыңға жуық адам тұрады. Жасалған келісімшартқа сәйкес өрт сөндіру бекетіне «Урюпинское ИК» ЖШС қызмет көрсетеді.
Ауылдық жерлерде өрт сөндіру пункттері желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдармен және шаруашылық жүргізуші субъектілермен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылуда. Бұл өз кезегінде тұрақты өрт қауіпсіздігі жүйесін қалыптастыруға және халықты төтенше жағдайлардан қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді.