Қазақстан ТЖМ құтқарушылары өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатының екінші күнінің қорытындысы бойынша ең мықтылардың қатарында

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатының екінші күнінің қорытындысы бойынша ең мықтылардың қатарында

  Өрт-құтқару спортынан өтіп жатқан ерлер арасындағы XX және әйелдер арасындағы XI әлем чемпионатының екінші жарыс күні «100 метрлік кедергілер жолағы» бойынша сайыстармен жалғасты.

  Бұл кезең – чемпионаттың ең қызықты әрі техникалық тұрғыда ең күрделі сайыстарының бірі. Ол қатысушылардан жоғары жылдамдықты, үйлесімділікті және дәлдікті талап етеді – бұл қасиеттер өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың төтенше жағдайлар кезінде күнделікті қызметінде аса маңызды рөл атқарады.

  Эр-Рияд қаласындағы стадионда өткен алғашқы жарыстардан бастап әр секунд үшін күрес басталды. Командалар арасындағы бәсекелестік өте қызу өтті – жолдарда әлемнің 20-дан астам елінің ең мықты өкілдері жиналды.

  Екінші күннің айрықша жарқын сәті – Қазақстан Республикасының жаңа ұлттық рекордының орнатылуы болды.

  Әйелдер құрамасы арасында жарыс кезінде әйелдер ұлттық құрамасының спортшысы, Түркістан облысының өкілі Ситора Реджиметова 100 метрлік кедергілер жолағын 15.84 секундта еңсеріп, ел рекордын жаңартты (бұрынғы нәтиже – 16.22 секунд). Бұл жетістік бүкіл қазақстандық команда үшін үлкен мақтаныш әрі спортшыларымыздың шеберлік деңгейінің айқын көрсеткіші болды.

  Алдын ала жүгіру қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы Ситора Реджиметова сегіз үздік спортшының қатарына еніп, жартылай финалға жолдама алды.

  Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ерлер құрамасы тағы да үздіктер қатарынан көрініп, командалық есепте үшінші орынды иеленді:

  1 орын - Беларусь Республикасы (93.57 сек)

  2 орын - Өзбекстан Республикасы (94.26 сек)

  3 орын - Қазақстан Республикасы (98.04 сек)

  Бұл – команда мүшелерінің бірлігінің, жоғары физикалық және моральдық дайындықтарының, сондай-ақ әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақстандық құтқарушылардың табандылығының нәтижесі.

  Әйелдер құрамасы да сенімді және тұрақты нәтижелер көрсетіп, жаңа биіктерге ұмтылыс пен жеке көрсеткіштеріндегі айтарлықтай ілгерілеуді байқатты.

  Қазақстан ТЖМ құрама командасы медальдар үшін күресті жалғастырып, келесі кезеңдерге дайындалуда. Спортшыларымыз әлемдік өрт-құтқару спортындағы Қазақстанның беделін одан әрі нығайтуға бел буған.

  Ертең жарыстар 4x100 метрлік өрт эстафетасы бойынша жалғасады.