Өңірлерді су тасқынынан қорғауға арналған кешенді іс-шаралар

Өңірлерді су тасқынынан қорғауға арналған кешенді іс-шаралар

  Еліміздің өңірлерінде елді мекендерді ықтимал су тасқынынан қорғау және су басу тәуекелдерін азайту бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Іс-шаралар алдағы тасқын кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен инфрақұрылым объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

  Шығыс Қазақстан облысында Глубокое ауданының Тарханка ауылындағы Үлбі өзенінде су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Су тасқыны кезінде өзен деңгейінің көтерілуінен ауылдың бір көшесін қорғау мақсатында бұған дейін салынған бөген жаңғыртылуда. Тасқын судың өтуіне мониторинг жүргізу өзеннің жоғары ағысында судың арналарға еніп, орнатылған бөгенді айналып өтіп, қоршалған өзен арнасын толтырып, жағалауды шайып кету қаупін тудыратынын көрсетті. ТЖ жөніндегі комиссия өзеннің ағысы бойымен жоғары орналасқан арналарды жабуды ұсынды, бұл тасқын судың өтуінің оң динамикасын қамтамасыз етеді.

  Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Д. Дәлешов жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп Қарқаралы ауданы аумағындағы су басу қаупі жоғары учаскелерді аралады. Сапардың негізгі мақсаты облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында атқарылған іс-шаралардың орындалу барысын бағалау болды. Аралау кезінде Ынталы, Жарлы, Тегісшілдік, Көктас және Қаракөл ауылдарының ең проблемалық аумақтары қаралды. Қорғаныш бөгендері мен су бұру арналарының жай-күйіне ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының 64%-ы орындалды. 138 шараның 87-сі аяқталып, қалғаны бойынша жұмыстар жалғасуда.

  Қостанай облысында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Өңірде халықты қорғау және су басу қаупін азайту мақсатында 81 іс-шарадан тұратын инженерлік жұмыстар жоспары бекітілді. Бүгінгі күні 45 іс-шара орындалды, тағы 36-сында белсенді жүзеге асырылуда. Инженерлік жұмыстар Қостанай, Амангелді, Меңдіқара, Қарасу және Науырзым аудандарында жүргізілуде. Жоспарды іске асыру барысында жалпы ұзындығы шамамен 6,7 км құрайтын қорғаныш бөгендері нығайтылды, облыстың автомобиль жолдарындағы 7 су өткізгіш құбыр жөнделді, сондай-ақ еріген және тасқын судың еркін өтуін қамтамасыз ету үшін 400-ден астам су өткізу құрылыстары тазартылып, ашылды. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде облыстың 20 елді мекені су тасқынынан қорғалды. Инженерлік дайындық жұмыстары жалғасуда.

  Түркістан облысында су тасқынының алдын алу мақсатында дайындық шаралары жүргізілуде. Бәйдібек және Мақтаарал аудандарында қорғаныш бөгендерін нығайту, көпірге күрделі жөндеу жүргізу және суару жүйелерінің жарамсыз учаскелерін ауыстыру жұмыстары атқарылуда. 2025–2026 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жөніндегі инженерлік жоспар аясында Шаян өзеніндегі жағалау қорғаныш бөгендерін нығайту жұмыстары аяқталу сатысында. Облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде, елді мекендерде суару жүйелерінің істен шыққан учаскелерін жөндеу және ауыстыру жұмыстары орындалуда. Жүргізіліп жатқан бұл іс-шаралар алдағы уақытта таулы аймақтардан келетін еріген және жаңбыр суын елді мекендер арқылы қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.

  Жүргізіліп жатқан инженерлік және ұйымдастырушылық іс-шаралар су басу қаупін айтарлықтай төмендетуге, ықтимал тасқындардың салдарын барынша азайтуға және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда.