ТЖМ басшысы Республика күнімен құттықтады

ТЖМ басшысы Республика күнімен құттықтады

   Құрметті әріптестер, қызметкерлер мен олардың отбасылары, ардагерлер!

   Сіздерді Қазақстан Республикасының күнімен және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

   Бұл мерейлі даталар егемендік пен бірліктің, еліміздің болашағы алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын еске салады.

   Айрықша алғыс сөздерім — өздерінің қызметтік борышын абыроймен атқарып жүрген Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамына арналады. Сіздердің еңбектеріңіз батылдықты, жанқиярлықты және халыққа адал қызмет етуді талап етеді. Әрқайсыңыз азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, адамдардың өмірін сақтап, апаттардың алдын алып, ең қиын сәттерде көмек қолын созасыздар. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің және жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында Қазақстан — адам өмірі, өзара көмек пен ерлік жоғары бағаланатын ел болып қала береді.

   Қызметтік борышқа адалдығыңызға, күнделікті еңбектеріңізге, адамдарға көрсетіп жүрген қамқорлық пен мейірімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамын.
Қызметтеріңіз тыныш, өмірлеріңіз берекелі, болашаққа сенімге толы болсын!

   Баршаңызға мықты денсаулық, мол бақыт, отбасылық амандық және қызмет пен өмірде жаңа жетістіктер тілеймін!

Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі
генерал-лейтенант
Шыңғыс Әрінов