
Павлодар облысы ТЖ департаментінде тағдыры Қазақстан Республикасының тарихымен символикалық түрде астасқан адам қызмет атқарады. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы жедел кезекшісінің орынбасары азаматтық қорғау майоры Азамат Қанағатов 1990 жылғы 25 қазанда – еліміз алғаш рет Қазақстан Республикасының егемендік күнін атап өткен күні туған.
Азамат бала кезінен өрт сөндіруші болуды армандаған. Бір күні өзі тұратын үйде шыққан өртті өрт сөндірушілер сөндіріп жатқанын көріп, Азамат олардың үйлесімді әрі батыл жұмысына таңдана қарап тұрды. «Барлығы сыртқа шығуға асығып жатқан жерге олардың кіру сәті мен үшін өте ерекше болды. Әрқайсысы нақты және сенімді әрекет етті. Сол кезде мен олар сияқты болғым келетінін түсіндім», — деп ол еске алады.
Ақсу қаласындағы мектепті бітіргеннен кейін Азамат С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне «Металлургия» мамандығы бойынша оқуға түсті. Алайда адамдарға көмек көрсетуге деген ұмтылысы басым болды: Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери қызметін өтеген соң, ол бала кезден бергі арманын орындап, өрт сөндіруші болуға шешім қабылдады.
Қанағатов кәсіби жолын Ақсу ферроқорытпа зауытының өрт сөндіру бөлімшесінде бастады, мұнда ол алғашқы тәжірибе мен кәсібіне деген сенімділікке ие болды. 2015 жылдан бастап ол азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарып келеді. 10 жыл ішінде Азамат өрт сөндіруші-құтқарушыдан жедел кезекшінің орынбасары - өрт сөндіру жұмыстарының аға көмекшісі лауазымдарында қызмет өткерді.
Төтенше жағдай орнына алғаш рет шыққан кезім мәңгі есімде қалды. «Қыс мезгілі болатын, жеке үйдің шатырынан өрт шыққан еді. Өрт сөндіруші взводының командирі маған тыныс алу аппаратына қосылып, үй ішінде адамдардың бар-жоғын тексеруді тапсырған кезде, мен үйренгенімнің бәрін көрсету сәті келгенін түсіндім. Ішінде ешкім болмағанымен, бұл менің қорқынышсыз әрекет етуге дайын екенімді тексерген сәтім болды», — деп ол еске алады.
Алғаш рет адам құтқарған сәтім де есте қалды. «Біз саты арқылы пәтерге кірдік, іште қою түтін болды. Ес-түссіз жатқан ер адамды тауып, оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Оның өміріне еш қауіп жоқ дегенді естігенде, ерекше сезімге бөлендім. Біреудің өмірін құтқарғаныңды түсінуді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес », — деп ол бөліседі.
Азамат Қанағатов нағыз өрт сөндіруші батыл, шешімшіл, шыдамды әрі стреске төзімді болуы керек, кез келген жағдайда тез шешім қабылдай білуі тиіс екеніне сенімді. Отбасының қолдауы оған қиын шығулардан кейін қалпына келуге көмектеседі, ал бос уақытында ол балаларымен бірге уақыт өткізуге тырысады.
Егемендік алған күні туған Азамат ел игілігі үшін қызмет ету және азаматтардың қауіпсіздігіне өз үлесін қосу тағдырдың ерекше белгісі деп санайды.
«Елге қызмет ету үлкен абырой. Күн сайын біз кезекшілікке шығып, адамдардың өмірін құтқарамыз. Міне менің басты мотивациям осы», — дейді ол.
Бүгінде азаматтық қорғау қызметінің дамып жатқанын, техниканың жаңартылуын, жабдықтардың жетілдірілуін, төтенше жағдайларды жоюдың заманауи әдістерінің енгізілуін бақылап отырып, Азамат Қанағатов маңызды әрі қажетті істің бір бөлігі болғанын мақтан тұтады.