Өрт сөндірушілер әулеті

Өрт сөндірушілер әулеті

Білдей үш әулетке жалғасқан өрт сөндірушілер әулеті жерлестері арасында үлкен беделге ие. Ережеповтер отбасындағы ерлер қауымы өздеріне тиісті  ғұмырларын адам өмірін құтқаруға арнап келеді десек қателеспейміз. Отағасы Толыбай Ережепов Шақпақ баба (Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы) ауылының тумасы. Ол небәрі екі жасында әкесінен айрылып, жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартып, жесір қалған шешесіне үл баланы өсіріп, жетілдіру жолында  әрдайым қолқабыс ететін еді. Ол өзінің ең алғашқы еңбек жолын Джамбул (қазіргі Джамбул) қаласындағы тері-киім комбинатында жүк көтеруші болып бастайды. Одан әрі ол комсомолдық жолдамамен №2 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасады.

Бүгінде алпысты алқымдап қалған Толыбай Ережепов зейнет демалысында.  Оның қызметтік жолына үңілген адам сансыз өрттер мен мыңдаған құтқарылған адам өмірлеріне толы естеліктерге куә болары хақ. Ол «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» кеуде белгілерімен және облыс әкімінің құрмет гармоталарымен марапатталған.

Жалпы Ережеповтер отбасын Көкшетау техникалық институтын аяқтаған үш ұлы жалғастыруда. Бүгінде үлкен ұлы Ілияс Талас ауданы №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарса, ортаншы ұлы Елжан  Жамбыл ауданы №6 өрт сөндіру бөлімі бастығының орныбасары қызметінде еңбек атқаруда. Ал кіші ұлдары Жанболат Тараз қалалық ТЖ басқармасында бас маман лауазымында елге адал қызмет етіп жүрген жайы бар.  Ал осындай еліміздің ұландарын дүниеге әкеліп, оларға дұрыс тәрбие беріп келе жатқан ол әрине Толыбай ағамен 30 жылдан астам отасқан Раушан апайдың арқасы десек қателеспейміз.  

Ережеповтер отбасының ұстанған ұраны «еңбек, бәрін де жеңбек» дейді Толыбай Ережепов. Ол сондай-ақ «әрбір өртке кірген сайын көзің улы түтіннен ашып, тынысың тарылғанда адамның табиғат күштеріне қарсы тұруға әлі күнге әлсіз  екендігін бағамдауға болады. Ата-анамыз бізді адал әрі еңбекқор, кісі көңіліне тимейтіндей салмақты етіп тәрбиелегендіктен ер жігітке тән қасиетті биік ұстау менің де ұраныма айналып, мамандығыма да оң ықпалын тигізді. Ал жақындарыңның қолдауынсыз өмірдегі қиындықтарды жеңіп, жетістіктерге жету айтарлықтай күрделі  болған болар еді» деп сөзін әркез жалғай түсетін еді Толыбай аға. Иә, «тұлпар орнын тай басар» демей ме дана халқымыз. Демек өмір өзен өз жолымен сырғи бермек.

Ұрпаққа ұрпақ ауысып, қызметті олардың ұл-қыздары одан әрі жалғай түсуі өмір заңдылығы. Ол дегеніңіз ТЖМ қызметкерлерінің тізімі одан әрі жалғасын тауып, бірнеше өрт сөндірушілер әулеттері қалыптасып, ғұмырлы болатыны сөзсіз.

 

Жамбыл облысы ТЖД

Өрт сөндіру қызметінің

Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы