Құтқарушы күні қарсаңында Алматыда «Жас құтқарушы» бірегей сыныбы ашылды

Құтқарушы күні қарсаңында Алматыда «Жас құтқарушы» бірегей сыныбы ашылды

  Түрксіб ауданының №76 мектебінде заманауи оқу-әдістемелік сынып ашылды. Сыныпта эвакуация, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету материалдары жазылған QR-кодтары бар заманауи ақпараттық стендтер орнатылған.

  Салтанатты рәсімге ардагерлер, ТЖД жеке құрамы, әкімдік өкілдері және «Жас құтқарушы» мектеп командасының оқушылары қатысты.

  Салтанатты іс-шара №11 өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан «Алма-Ата-1 станциясындағы өртті сөндіру кезінде қаза тапқандарды мәңгі есте сақтау» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қаһармандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

  Жаңа оқу кеңістігінің ашылу барысында салтанатты түрде қызыл лента қиылды. ТЖД басшылығының өкілдері, аудан әкімдігі мен қызмет ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа ақ жол тіледі.

  Жаңа сыныпта құтқарушының игі миссиясын бейнелейтін «Біздің міндетіміз – құтқару!» деген ұран жазылған авторлық мурал ерекше көзге түседі. Іс-шара көңілді мерекелік концертпен аяқталды.

  Алматы қаласы ТЖД «Жас құтқарушы» үйірмелерін ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Қалада 200-ден астам осындай үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында үш арнайы сынып ашылды, соның бірі Түрксіб ауданындағы оқу-әдістемелік сынып болып табылады.

  Жоба оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, саналылығын арттыруға және азаматтық жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталған.