ТЖМ медицина қызметкерлері: ерлік, кәсібилік және қайсарлық туралы

ТЖМ медицина қызметкерлері: ерлік, кәсібилік және қайсарлық туралы

  Қазақстанның ТЖ министрлігінде жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, олар күн сайын қиын жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі және кез келген жағдайда әрекет етуге әзірлігі төтенше жағдайларға ден қою механизмінің ажырамас бөлігі.

  ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы өңірлік филиалдарының дәрігерлері мен фельдшерлері мамандыққа адалдық пен жоғары азаматтық борыштың үлгісі болып табылады.

  Апаттар медицинасы орталығының Астана қаласы бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Нұрлан Имамбаев медицинаға 30 жылдан астам уақытын арнады. Ақмола мемлекеттік медициналық институтын «Анестезиология және реаниматология» мамандығы бойынша бітірген соң, ол Ақмола облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімшелерінде, инфекциялық ауруханада және ІІМ ведомстволық мекемелерінде қызмет атқарды. Жедел медициналық көмектегі мол тәжірибесін пайдалана отырып, ТЖМ жүйесінде 2022 жылдан бері еңбек етеді. ACLS және BLS халықаралық бағдарламалары бойынша сертификаттаудан өтті. 2023 жылы қазақстанның құтқару жасағы құрамында Түркияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетті. Практикалық жұмыстан басқа, ол ТЖМ қызметкерлерін оқытуға белсенді қатысады. Әріптестері оны борышын терең сезінетін дәрігер, кәсібилік пен қайсарлықтың үлгісі деп айтады.

  Қуандық Қайшыбаев Апаттар медицинасы орталығының Шымкент қаласы бойынша филиалының дәрігері, жедел медициналық көмек жүйесінде 20 жылдан астам жұмыс істейді. Ол төтенше жағдайларда және жол көлік апаттарында көмек көрсетеді, трассалық медициналық-құтқару пунктінде еңбек етеді. Ол ірі апаттардың салдарын жоюға бірнеше рет қатысып, адам өмірін құтқарды. Ол төзімділігімен, жауапкершілігімен және кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайындығымен  ерекшеленеді. Әріптестері оны мамандығына адал дәрігер және сенімді құтқарушы ретінде бағалайды.

  Айнаш Дәулетова Апаттар медицинасы орталығы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының фельдшері, 30 жылдан астам уақыт медициналық қызметтің алғы шебінде еңбек етеді. Еңбек жолын 1990 жылы босану бөлімінде акушер болып бастады. Жеті жыл бойы реанимация бөлімінде анестезист қызметін атқарды. 2014 жылдан бастап Апаттар медицинасы орталығы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында қызмет етеді. Қызмет жылдарында кез келген жағдайда салқынқандылықпен және тиімді әрекет ете алатын жоғары білікті маман екенін дәлелдеді. Төтенше жағдайлар орнына бірнеше рет шығып, адам өмірін құтқарды. Ұжымда оны адамгершілігі, мейірімділігі, әділдігі және кез келген жағдайда қолдау көрсетуге дайын болғаны үшін жоғары бағалайды.

  Осы мамандардың әрқайсысы тек медициналық қызметкер ғана емес, нағыз батырлар. Олардың жұмысы бұл  Қазақстан халқының қауіпсіздігіне күнделікті үлес қосу, төтенше жағдайлар медицина жүйесін нығайту және жанашырлық пен кәсіби жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.