Қонаев қаласында Алматы облысы ТЖД бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасын табыс ету рәсімі өтті. Көліктердің кілттерін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов табыс етті.
Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев та қатысты.
Құтқарушылардың автопаркі өрт сөндіру автоцистерналарымен, жедел көліктермен, сорғы-жеңқұбырлы құрылғылармен және квадроциклмен толықты. Техника өңірдің географиялық ерекшеліктері мен қызмет алдында тұрған міндеттерді ескере отырып таңдалған.
«Бұл өңірлік бөлімшелерді жарақтауды біріздендіруге бағытталған ведомстволық бағдарламаның бір бөлігі. Енді құтқарушылардың техникасы, жұмыс әдістері мен стандарттары еліміздің барлық өңірлерінде біркелкі болады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Жаңа техника төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың ден қою жылдамдығы мен жеделдігін айтарлықтай арттырады.