2025 жылғы 6-8 қазан аралығында Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) «Қазақстан Республикасында жаппай адам шығыны орын алған жағдайларда әрекетті ұйымдастыруды күшейту және ауруханалардың төтенше жағдайларға әрекет етуін жоспарлау» тақырыбында семинары өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары мен мамандары, сондай-ақ ДДСҰ-ның халықаралық сарапшылары қатысты. Төтенше жағдайлар министрлігін бұл семинарда Алматы қаласы бойынша Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлері таныстырды.
Семинар аясында әртүрлі құрылымдардың төтенше жағдайлардың салдарын жою кезіндегі өзара іс-қимылының негізгі аспектілері, медициналық ұйымдардың көп зардап шеккендерді қабылдауға дайын болуын арттыру жолдары, сондай-ақ ауруханалардың төтенше жағдайларға ден қою жоспарларын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Жаппай зардап шеккендерді қабылдау кезінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы халықаралық тәжірибеге, ДДСҰ сарапшылары таныстырған ақпаратқа ерекше көңіл бөлінді. Семинар қатысушылары басқа елдерде қолданылып жүрген озық тәжірибелер мен құралдармен танысты және осы тәсілдерді Қазақстанның нақты жағдайларына бейімдеу жолдарын талқылады.
Апаттар медицинасы орталығының осындай іс-шараларға қатысуы персоналдың кәсіби дайындығын арттыруға, халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды нығайтуға және елдегі төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.