Қазақстанның өңірлерінде су тасқынына қарсы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда

Қазақстанның өңірлерінде су тасқынына қарсы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда

  Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлар қаупін азайту мақсатында өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары белсенді түрде жалғасуда.

  Абай облысында елді мекендерді инженерлік қорғау жоспары аясында су тасқыны қаупі бар кезеңге облыстың 9 ауданында 32 іс-шара іске асырылуда. Негізгі жұмыстарға қорғаныш бөгеттерін салу, өзен арналарын тазарту, су бұру арналарын жөндеу және 23 елді мекенді қорғауға бағытталған басқа да инженерлік шаралар кіреді.

  Ақмола облысында су тасқыны қаупі бар аумақтарды аралау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда ТЖД өкілдері Ерейментау ауданындағы Сілеті су қоймасына барды. Су қоймасының көлемі 192 миллион текше метрді құрайды. Ерейментау қаласы мен Өлеңті ауылында арық жүйелерін орнату жұмыстары атқарылды.

  Атырау облысында өңірдің жеті ауданында қорғаныш бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі су басу қаупі бар аймақтарға ерекше назар аударылады. Жергілікті атқарушы органдар мен бейінді мекемелер төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізеді. ТЖД басшылығы көктемгі су басу қаупі бар учаскелерді, жағалауды нығайту жұмыстарының барысын зерттеп, ұсыныстар берді.

  Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда. Облыстың 10 ауданында су тасқынына қарсы 30 іс-шараны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 9 іс-шара орындалды. Көпірлердің өткізу қабілетін арттыру, өзен арналарын түзету және тереңдету, жағалауларды нығайту, бөгеттер мен су қоймаларын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Глубокое, Қатонқарағай, Шемонаиха, Ұлан, Күршім, Самар, Марқакөл, Алтай аудандарында және Риддер қаласында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

  Ұлытау облысының Жезқазған қаласында «Кеңгір» гидротехникалық нысанына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдардың өкілдері нысанның техникалық жай-күйін, жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын және тасқын суды өткізуге дайындығын бағалады. Тексеру қорытындысы бойынша нысан қанағаттанарлық жағдайда деп танылды. Су тасқыны маусымы басталғанға дейін алдын алу және жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар берілді.

  Су тасқыны кезеңіне дайындықты кешенді және жүйелі түрде ұйымдастыру, ведомствоаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету және инженерлік іс-шараларды алдын ала орындау су басу қаупін азайту мен төтенше жағдайлар қызметтерінің қауіп-қатерге жедел ден қою дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.