Елордада ерлер мен әйелдер арасында өтетін қоян-қолтық ұрысынан әлем кубогының финалы басталды. Турнир Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған.
Бүгін турнирдің алғашқы күні өтті – мандаттық комиссия, салмақ өлшеу, жеребе тарту және брифинг ұйымдастырылды. Брифинг барысында жарыстың ережелері мен өткізу тәртібі талқыланды.
Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында екі бағытта өтеді: өзін-өзі қорғау және жекпе-жек. Байрақты додаға әлемнің 20 елінен келген 230-ден астам спортшы қатысуда. Олар халықаралық аренада өз шеберлігін, рухын және ерік-жігерін көрсетеді.
Қатысушы елдер: Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Германия, Грузия, Үндістан, Иордания, Иран, Ирландия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан.
Финалдық кезең Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, «Batyr Team» спорт клубы, Қоян-қолтық ұрысынан халықаралық және бүкілқазақстандық федерациясы қолдауымен ұйымдастырылды, ал бас демеушісі Қазақстан Құтқарушылары қоры.
Алдағы екі күнде спортшыларды қызықты да тартысты жекпе-жектер күтіп тұр!