15 тамыздан бастап тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға және халықтың білім деңгейін арттыруға бағытталған өрт қауіпсіздігі акциясы өткізілуде.
ТЖМ аумақтық бөлімшелері әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 108 442 тұрғын үйді және 225 599 көпбалалы отбасын есепке алды. Бүгінгі таңда 112 969 үйде профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оның барысында 289 387 азаматқа нұсқаулық берілді. Үй-жайларды аралау барысында 18 мыңнан астам үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келтірілді. Биылғы жылдың 15 тамызынан 3 қазанына дейінгі аралықта тұрғын үйлерге 9 536 датчик орнатылды.
Өңірлерде тұрғын секторда өрттердің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Рейдтер барысында ТЖД қызметкерлері профилактикалық әңгімелер жүргізіп, нұсқаулықтар өткізіп, жылыту жүйелерін, электр құралдарын, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін және өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді.
Алматы облысы ТЖД жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, тұрғын секторда профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасылар тұратын үйлерге ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 1000-нан астам үйге аралау жүргізілді. Өңірде қосымша қолдауды қажет ететін азаматтар тұратын 3000-нан астам тұрғын үй және 1000-нан астам көпбалалы отбасы үйі есепке алынған. Азаматтарға 100-ден астам улы газ датчигі орнатылды. Сонымен қатар пешпен жылыту жүйелерін жөндеуге, электрмен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіруге көмек көрсетіліп, мұржалар күйеден тазартылуда.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері пешпен жылытылатын, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын көзбен шолып тексеруде. 319 үйде 379 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталып, соның 185-і мамандардың ұсынымдары арқылы сол жерде жойылды. Тексеру барысында үйлерге улы газ датчиктері орнатылып, үйлерді өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтіруге көмек көрсетілуде. Жалпы өңірде соңғы жылдары шамамен 16 000 датчик орнатылып, олардың көмегімен 42 адамның өмірі құтқарылды.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚФ мамандарымен, полиция қызметкерлерімен, газ-техникалық инспекция өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Тұрғын үйлерді аралау барысында анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері бойынша азаматтарға тиісті ұсынымдар берілді. Қызметкерлер 13 мыңнан астам тұрғын үйді қамтып, 260-тан астам улы газ датчигін орнатты.
ТЖМ азаматтарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:
- тек жарамды пештер мен электр құралдарын қолданыңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- мұржаларды уақытында күйеден тазартыңыз;
- жылыту жүйелерінің жағдайын үнемі тексеріп отырыңыз;
- балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
- тұтатқыш ретінде жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбаңыз.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау — өз өміріңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтаудың кепілі.