ТЖМ басшысы елордадағы бөлімшелердің жұмысын тексерді

ТЖМ басшысы елордадағы бөлімшелердің жұмысын тексерді

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің инфрақұрылымын жаңғырту және техникалық жабдықталу нәтижелерімен танысты.

  №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде реновация жұмыстары аяқталды. Оқу сыныбы, жатын бөлмелер, киім ауыстыру бөлмелері мен асхана күрделі жөндеуден өтті. Министрдің айтуынша жеке құрам үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасау - ТЖМ барлық бөлімшелерінде жүзеге асырылатын міндетті стандарт.

  «Қызмет үшін қолайлы жағдай жасау және заманауи техникамен жабдықтау - құтқарушылардың жауынгерлік дайындық деңгейі мен тиімділігіне тікелей әсер етеді. Келесі кезең - қызметтік пәтерлерді күрделі жөндеуден өткізу», - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.

  Өрт сөндіру бөлімі өрт кезінде жедел ден қою мүмкіндігін арттыратын КамАЗ базасындағы жаңа автосорғы-жеңқұбырлы автомобиль (АНР) алды.

  Министр жедел-құтқару жасағының жұмысымен де танысып, құтқарушыларға «Споэкс 550» аэроқайықтары мен «Адмирал» қайықтарын табыс етті.

  Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

  «Шомылу маусымы кезінде жаңа катерлер, қайықтар және нысанды киімдермен аумақтық құтқару бөлімшелерін күшейтудің арқасында судағы оқыс оқиғалардың саны 22%-ға азайды. Осы уақыт ішінде 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылды», - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.

  Шара соңында министр алда қыс мезгілі келе жатқанын атап өтіп, құтқару бөлімшелері мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындалып жатқанын айтты. Халықпен профилактикалық жұмысқа және мұз басқан су айдындарына шыққан адамдармен байланысты оқиғаларға жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығына ерекше назар аударылатын болады.