Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлер қауымдастығының өкілдерімен дөңгелек үстел форматында кездесу өтті. Іс-шара XII Азаматтық форумға дайындық аясында ұйымдастырылды.
Талқылауға ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті мен Төтенше жағдайларды жою департаментінің басшылығы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық альянсының өкілдері, еліміздің барлық өңірлеріндегі ТЖ департаменттерінің басшылары, сондай-ақ 100-ден астам үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту шаралары талқыланды.
«Бүгінде біз волонтерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың тек көмекшілер ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сенімді серіктестер екенін көріп отырмыз. Олардың үлесі — бұл мыңдаған құтқарылған өмір. Мемлекеттік органдар осы әлеуетті тиімді пайдалануы қажет», — деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Кәрімбаев.
Іс-шара аясында 219 ұйымға кіретін 44 мыңнан астам волонтердің маңызды үлесі атап өтілді. ТЖМ олармен үш негізгі бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде: зардап шеккендерге көмек көрсету және гуманитарлық қолдау, ТЖ-ның салдарын жоюға қатысу, іздестіру-құтқару операциялары.
Сонымен қатар волонтерлікті дамытудың жол картасы аясында 2025 жылы өңірлік ТЖ департаменттері базасында төтенше жағдайларға ден қою бойынша арнайы дайындықтан өткен волонтерлердің мобильді топтары құрылғаны атап өтілді.
ТЖМ жұмысында волонтерлерді оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын шамамен 2 000-ға жуық волонтерлер ұйымының үйлестірушілері мен көшбасшылары дайындықтан өтеді. Бұдан өзге 2025 жылдың қазан айында өңірлік волонтерлер форумы өткізілмек. Бұл форум табиғи және техногендік апаттар жағдайында іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтауға арналған практикалық алаңға айналады. Форумға қатысушылар Ұлттық волонтерлер желісімен бірлесіп ТЖ департаменттері базасында ұйымдастырылатын жарыстарда өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсете алады.
Төтенше жағдайлар министрлігі ҮЕҰ және волонтерлерді халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау ісіндегі негізгі серіктестер ретінде көре отырып, азаматтық сектормен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастырады.