2025 жылғы 1 қазанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өрт қауіпті кезеңнің өтуі және «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер болып ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев сөз сөйледі.
Спикердің айтуынша ТЖМ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи өрттердің туындау қаупін азайту бойынша ауқымды жұмысты жалғастыруда. Өрт қауіпті кезеңнің аяқталғанына қарамастан, орман өрттері жағдайына мониторинг тәулік бойы жүргізілуде.
Жағдайға бақылау заманауи технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз етіледі: «Табиғат» ақпараттық жүйесі, ғарыштық мониторинг және геоақпараттық жүйелер қолданылады. Мұндай тәсіл өрт ошақтарын уақтылы анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері еліміздің аумағында 572 орман өрті, 44 дала өрті және 2 398 жану оқиғасы тіркелді.
Өртке әуе арқылы бақылау жасау және оларды сөндіру үшін су ағызу құрылғылармен жабдықталған 24 тікұшақ тұрақты дайындықта тұр. Орман алқаптарында жетуі қиын учаскелерді бақылауды қамтамасыз ететін 37 механикаландырылған бақылау бекеті орналастырылған. Бұл өртті ерте анықтап, жедел сөндіруге мүмкіндік береді.
Биыл орман және оған іргелес аумақтарды патрульдеуге ТЖМ, полиция және орман шаруашылықтарының 16 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды. Тексерулердің нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 4600-ден астам бұзушылығы анықталды.
Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның төтенше жағдайлар бөлімшелерімен бірлесіп, орман өрттерін жою бойынша оқу-жаттығулар өткізілді. Сонымен қатар орман шаруашылықтарының қатысуымен 378 өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды.
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайтуды жалғастыруда. Аталған бағдарлама аясында биыл 50 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды, 21 нысан жаңғыртылды, ал жыл соңына дейін тағы 69 бекет ашу жоспарлануда. ТЖМ жаңадан құрылған өрт сөндіру бекеттері үшін әкімдіктерге өрт техникасын беруде. Барлық өрт сөндіру бекеттері техникамен, жабдықпен және арнайы киіммен толық қамтамасыз етілген.
Жалпы алдын алу және жедел ден қоюдың жаңа моделін енгізу өзінің тиімділігін көрсетуде. Адам факторынан туындайтын өрттер саны айтарлықтай азайды. Авиация мен күш-құралдар өртті бастапқы сатысында жедел сөндіруді қамтамасыз етті. Жергілікті өрт ошақтарының ауқымды өрттерге ұласуына жол берілмеді. Уақытылы және үйлестірілген іс-қимылдардың арқасында ірі немесе апатты табиғи өрттерге жол берілмеді.
ТЖМ жоғары дайындық режимінде жұмысын жалғастырады және азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаудың маңызды екенін ескертеді.