2025 жылғы 24-25 қыркүйекте Алматы қаласында қазақстандық тараптың төрағалығымен төтенше жағдайларға мониторинг жүргізу және болжау саласында тәжірибе алмасуға арналған семинар өтті.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы төтенше жағдайларды мониторинг жүргізу және болжау саласындағы мамандандырылған бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау», «Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы», «Ғарыштық техника және технологиялар институты» мен «Төтенше жағдайлардың геоақпараттық жүйесі» ұйымдарының сарапшылары қатысты.
Семинар барысында қатысушылар табиғи және техногендік қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізу мен болжаудың заманауи жүйелерін дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады, ақпараттық-аналитикалық платформалар мен болжау модельдерін қолдану тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ мәлімет алмасу саласындағы үшжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар делегаттарға Үлкен Алматы өзенінің бассейніндегі «Аюсай» биік таулы селді ұстап қалатын бөгет пен Медеу селден қорғау бөгеті көрсетілді. Іс-шара соңында олар Алматы қаласының ТЖД №20 мамандандырылған өрт бөліміне барды.
Семинар Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрліктерінің XI бірлескен алқа отырысының хаттамасын орындау аясында өткізілді.
Семинар қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген өздерінің ықыласын растап, семинар барысында алынған білім мен тәжірибенің азаматтық қорғау саласындағы үшжақты серіктестікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.