Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Шығыс Қазақстан облысының құтқару бөлімшелеріне жаңа техниканың кілттерін табыс етті.
Өңірдің күрделі рельефі мен климаттық жағдайында қолдануға арналған өрт сөндіру көліктері, өтімділігі жоғары жол талғамайтын техника, гидроциклдер және басқа да арнайы жабдықтар құтқару қызметінің иелігіне түсті.
«Құтқарушылардың жедел әрі тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи техникалық құралдардың болуы өте маңызды. Бұл биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысына жаңа техниканың екінші мәрте жеткізілуі. Бұл өңірдің материалдық-техникалық базасын едәуір нығайтады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Сонымен қатар іс-шара барысында министр төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы цифрлық жобалармен танысты. Облыста туристерді QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілді, көшкін қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізілуде, сондай-ақ күшті әсер ететін заттармен ықтимал залалдану аймақтары анықталуда.
Іс-шараға ТЖМ қызметкерлері мен әскери қызметшілер, сондай-ақ әкімдіктер мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар мен қоғам белсенділеріне алғыс хаттар табысталды.