Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері донор болды

Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері донор болды

  Астана қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің 30 жылдығына орай Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері  «30 игі іс» ведомстволық бастамаға қосылды.

  Медицина қызметкерлері-құтқарушылар Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында қан тапсырып, донор болды. Елімізде өтіп жатқан «Өмір тамшысы» донорлық марафоны азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін біріктіруде. Осы ай басталғалы бері трассалық медициналық-құтқару пункттері мен Ұлттық медициналық үйлестіру орталығының филиалдарынан 200-ден астам қызметкер марафонға қатысты.

  «Біздің мамандар күн сайын адам өмірін құтқарып, тас жолдарда және төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сондықтан донорлық марафонға қатысу – біз үшін осы миссияның жалғасы. Бұл өмірге аса мұқтаж жандарға үміт сыйлау мүмкіндігі», – деп Апаттар медицинасы орталығында атап өтті.

  Донорлық марафон құтқарушылардың кәсіби борышы мен адамдарға шынайы жанашырлықпен көмектесуге деген ұмтылысын біріктіріп, ТЖМ басты мақсаты – адам өмірі мен денсаулығын қорғау екенін тағы бір мәрте айқындап көрсетті.